ҚАРАҒАЙ КӨШЕТТЕРІН ОТЫРҒЫЗУ БАСТАЛДЫ

Бесқарағай – жеріне ырыс дарып, бақ қонған, бірлігі мен тірлігі жарасқан көп ұлтты халықтың құт мекені, ынтымақтың отаны. Орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары қарағайлы өлке тұрғындары үшін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп іспетті. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 6 филиалы Бесқарағай ауданында орналасқан. Округке қарасты Қара-Мырза ауылындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Канонерка филиалында Дүниежүзілік Даму Банкінің жобасы бойынша Қазақстандағы жалғыз, теңдесі жоқ орман тәлімбағы мен орман тұқым кешені жұмыс істейді.
Орманды қалпына келтіру үшін тұқымдық қарағай бүршігін өңдеу, тұқым себу, орман дақылдарын отырғызу сияқты жұмыстардың басым көпшілігі орман тұқымын өсіру кешенінде жүзеге асырылуда. Кешен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Оның аумағында үш қуатты жылыжай, әкімшілік-өндірістік ғимарат, қазандық бар. Жылыжайларда жабық тамыр жүйесі бар көшеттер жеделдетілген технология бойынша өсіріледі. Сондай-ақ тамыр тартқан көшеттер дәстүрлі түрде ашық аспан астында өсіріледі. Орман питомниктерінің директоры – Сырым Елемесов.
Бізді атқарылып жатқан жұмыстармен кешеннің бас инженері Валерий Клец таныстырды. Орман тұқымының шикізат қарағай бүршігінің қоймаға келген кезіне қылқанжапырақ көшетінің әзірленуіне дейінгі аралықтағы процесті баяндап берді.
Орманшылар алдымен қарағай бүршігін теріп әкеледі. Ол арнайы құрылғыға салынып, уақыты, ылғалдылығы мен температурасы реттеліп, кептіруге қойылады. Екі тәуліктен соң бүр ашылып, ішіндегі тұқым алынып, арнаулы ұяшықтарға отырғызылады. Бірінің үстіне бірі қойылған 5-6 темір тұғырды шағын трактор көтеріп әкеледі де, бір-бірлеп алып орын-орнына жайғастырады. Жылыжайдың ішіне тұқым егілген ұяшықтар толық қойылып болған соң ғана суару жүйесі іске қосылады. Сонда егілген тұқым біркелкі өсіп шығады дейді мамандар. 7-8 күн ішінде тұқым өніп шығады екен. Өнімділігі 96-98 пайызды құрайды. Өсіп шыққан өркендерді шынықтыру үшін 70 күннен кейін далаға – шынықтыру алаңына көшіріледі. Жас өркендерді күн сәулесі күйдіріп жібермес үшін күндіз күннен қалқалайтын тор керіледі де, кешке қарай алынып тасталады. Осылайша, өскіндер шынықтыру алаңында күзге дейін болады. Күзде қазылып алынып, арнайы дайындалған алаңға отырғызылады. Жылына шамамен 1500 данадан екі рет – 3 мың отырғызу материалы әзірленеді. Жас өскін ШҚО аумағына, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларын көркейтуге жол тартады. Сонымен қоса орман алқаптарына жылына ашық тұқымдық әдіспен 8 мыңдай көшет отырғызылады. Айта кетсек, қолданылатын топырақ оңтүстік Оралдан әкелінеді екен.
Күзде тұқым өсіру жұмыстары аяқталып, кезекті науқан ауа райына байланысты наурыз – сәуір айында басталады. Науқан уақытында мұнда 70-ке жуық адам маусымдық жұмыспен қамтылса, 33 жұмысшы тұрақты еңбек етеді.
Қылқанжапырақтың алқабын арттыру, қалпына келтіру мақсатында биыл да көшет отырғызу жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Долон филиалына 2 558,5 мың дана, Жаңасемей филиалына 4 340,5 мың дана, Морозов филиалына 136, 08 мың дана, Семей филиалына 661,3 мың дана отырғызу материалы бөлінді. Отырғызу материалдарын қазу биыл 12-18 сәуір аралығында жүзеге асты. Оған 120 адам жұмылып, мақсатты жұмысты өз деңгейінде орындады.
Орман питомнигі кешенінің және орман тұқым станциясының әрбір қызметкері күн сайын қорықтың ең маңызды міндеттерінің бірін – еліміздің орман байлығын сақтау мен көбейтуді орындайды.
Кешеннің ауласынан келешекте аллея ашылмақ. Қазірден бастап мұнда туя ағашы, емен, жөке, қара қарағай, жасыл шырша сынды әртүрлі ағаштардың көшеттерін отырғызу қолға алынғанына өзіміз де куә болдық.

 

 

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай