Бесқарағай ауданында алдағы 2021-2022 жылу беру маусымына қатты отынның жалпы қажеттілігі 22 807 тоннаны құрайды. Оның ішінде білім беру нысандарына 6195 тонна, денсаулық сақтау нысандарына 1345 тонна, мәдениет мекемелеріне 267 тонна және жеке сектордағы тұрғын үйлерге 15 000 тонна көмір қажет.
Ауданда 21 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 12 оқу орны қатты отынмен, 5-еуі электр қазандығымен, 2-еуі мектеп теплофондарымен, қалған екеуі пешпен және дизель отынымен жылытылады.
Аудандағы ТҮКШ бөлімінің басшысы Сұңғат Назаровтың айтуынша, алдағы жылу жылу беру маусымына білім беру мекемелеріне 6195 тонна қатты отынды жеткізу үшін «TOLAGAI2020» ЖШС-мен тоннасы 12 мың теңге көлемінде келісімшарт жасалған. Білім ошақтарының қазандықтарына ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Өңірде төрт мәдениет нысаны бар. Канонерка және Қара-Мырза ауылдарындағы мәдениет мекемелері қатты отынмен, Қарағайлы ауылындағы клуб үйі электрмен, аудандық мәдениет үйі Борас орта мектеп-бақшасының қазандығынан жылытылады.
— Канонерка және Қара-Мырза ауылдарындағы клуб үйлеріне 11 997,75 теңге бағамен 267 тонна көмір дайындау қажет.Қазіргі уақытта «TOLAGAI2020» ЖШС-мен қатты отынды жеткізуге келісімшарт жасалды,- дейді С.Назаров.
Өңірде бір орталық аудандық аурухана, 17 дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт және фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. 14 нысан пешпен, 1-еуі қазандықпен және 3 нысан электрмен жылытылады.
— Жыл сайын барлық медициналық мекемелерде аурухананың өз қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық медициналық мекемелер алдағы жылыту маусымына дайын,- дейді С.Назаров.
Медицина мекемелері үшін қатты отынның жалпы қажеттілігі 1345 тоннаны құрайды – орталық аудандық ауруханаға 1190 тонна, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт және фельдшерлік-акушерлік пунктке 155 тонна қатты отын қажет. Аталған нысандарға көмір жеткізуге «А.Т.Базаров» ЖК-мен келісімшарт жасалыпты. Ал жеке сектордағы тұрғындарға көмірді «Скрипников» ЖК және «Мечта» ф/қ жеке кәсіпкерлері жеткізеді.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ