ЖАС МАМАННЫҢ КӘСІБИ ЖОЛЫ

Мемлекеттік тілді құрметтеу мен бала тәрбиесіне деген шынайы сүйіспеншілік – нағыз тәрбиешінің басты қасиеті. Бүгінгі қоғамда ұлтқа, тілге, мәдениетке құрмет жеке үлгі арқылы қалыптасатыны белгілі. Осындай өнегелі жолды таңдаған жас мамандардың бірі – Бесқарағай ауданындағы «Айналайын» бөбекжайының тәрбиешісі Табухтинова Милана Викторовна.

Милана Викторовна – Бесқарағай ауданы «Айналайын» бөбекжайында еңбек етіп жүрген жас әрі белсенді педагог. Ол 2002 жылы Жарма ауданында дүниеге келген. Өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ сыныбында білім алып, мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Бүгінде ол қазақ тілін күнделікті кәсіби қызметінде, балалармен қарым-қатынасында еркін қолданып келеді.

Жастайынан спортқа жақын болған Милана Викторовна аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бұл оның тек білімді ғана емес, табанды, мақсатшыл әрі еңбекқор екенін көрсетеді. Жоғары білімді маман Шәкәрім университетін қызыл дипломмен тәмамдаған.

Еңбек жолын 2020 жылы балалар үйінде бастаған жас тәрбиеші 2023 жылдан бері Бесқарағай ауданындағы «Айналайын» бөбекжайында қызмет атқарып келеді. Мұнда ол балаларға тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, ана тіліне құрмет, ұлттық құндылықтарға сүйіспеншілік қалыптастыруды басты міндет санайды. Әрбір бүлдіршінге мейіріммен қарап, олардың жан дүниесін түсінуге ұмтылады.

Мемлекеттік тілге деген ықыласы мен кәсіби шеберлігі Милана Викторовнаның жетістіктерінен де көрініс табуда. Ол «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауына қатысып, жүлделі III орынды иеленді. Бұл – оның тілге деген құрметінің, еңбегінің және ізденісінің нақты нәтижесі.

Жас болса да, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңашыл ойлайтын тәрбиеші бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келеді. Тілге құрмет пен балаға деген мейірімді қатар ұстанған Милана Викторовна – жас мамандарға үлгі боларлық тұлға.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай