Бесқарағай ауданында халық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Жетіжар ауылында заманауи стандарттарға сай салынған жаңа медициналық пункт ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен, әлеуметтік маңызы зор нысан.
Ауылда 600-ден астам адам тұрады. Бұған дейін медициналық қызметті алу үшін тұрғындарға аудан орталығына жиі баруға тура келетін. Енді жаңа пункттің ашылуы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ауыл ішінде, дер кезінде алуға мүмкіндік беріп, медициналық қызметтің қолжетімділігін едәуір арттырмақ.
Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында бой көтерді. Бағдарлама шеңберінде Бесқарағай ауданында барлығы 11 жаңа медициналық нысан салынған. Бұл – өңірде сапалы медициналық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың нақты нәтижесі.
Жетіжар ауылындағы жаңа пунктте тұрғындарды қабылдау бөлмесі, алғашқы тексеру жүргізетін кабинет және жеңіл медициналық қызмет көрсетуге арналған түрлі бөлмелер қарастырылған. Ғимарат толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған: нейбулайзер, электрокардиограф, дефибриллятор, спирометр, магнитотерапия аппараты, сондай-ақ жоғарғы тыныс жолдарын емдеуге арналған ультракүлгін құрылғылар орнатылған. Бұл жабдықтар ауылдық жерде көптеген ауру түрлерін ерте анықтап, тиімді ем шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатына Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Әгібаев қатысып, ауыл халқына жаңа нысанның маңызы мен денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер туралы айтты. Ол медициналық пункттің жұмысы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және профилактикалық шараларды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Жетіжардағы жаңа медициналық пункттің іске қосылуы – ауыл халқының денсаулығына жасалған үлкен қолдау. Бұл нысан өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттырып, тұрғындарға уақытылы көмек көрсетудің сенімді орталығына айналмақ.

