БАСКӨЛДЕ «БОС ОРЫНДАР» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Өткен аптада Баскөл ауылдық округінің Қарағайлы ауылында ауқымды әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылды. Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Нұржан Агибаев, Баскөл ауылдық округінің әкімі Қайрат Бытебаев, аудандық мәслихат депутаты Талғат Сұлтанов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Қисамиева және Мансап орталығының директоры Алуа Құрманғалиева қатысты.

Іс-шара барысында Мансап орталығы мамандары «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін өткізді. Оған ауыл тұрғындары белсенді қатысып, жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері мен электронды еңбек биржасында жарияланған ашық бос орындар туралы толық ақпарат алды. Қатысушыларға жұмыс іздеу жолдары мен кәсіби бағдарлау бойынша кеңестер беріліп, сұрақтарына жеке жауаптар берілді.

Сонымен қатар, көпбалалы аналар өздерінің кәсіптік жетістіктерін көрсетіп, қайтарымсыз грант арқылы алған өнімдерін көрмеге қойды. Қала тұрғындары мен қонақтар аналардың қолөнері мен өнімдеріне үлкен қызығушылық танытып, жылы лебіздерін білдірді.

Шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі бойынша хабардар ету, жастар мен аналарды еңбекке тарту, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлікті қолдау. Осындай кездесулер тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттырып, ауыл өміріне серпін береді.

Ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта осындай жәрмеңкелерді жиі өткізу керектігін атап өтті.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай