Ауыл – қазақтың жүрегі, тірегі. Бүгінгі күні бұл қасиетті мекендерді дамыту – елдік міндет. Осы бағытта республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы Бесқарағай ауданында нақты істермен көрініс табуда.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, заманауи әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Аталған мақсат аясында Глуховка ауылдық округіне қарасты бірнеше елді мекенде жол жөндеу жұмыстары қарқын алды.
Стеклянка ауылында – Молодежный көшесінің 1 шақырым бөлігіне асфальт төселуде. Бұл көше – ауыл тұрғындарының күнделікті қатынауына маңызды бағыт.
Глуховка ауылында – Абай көшесінің 700 метр бөлігі асфальтталып жатыр. Көше ауыл орталығын кесіп өтетін негізгі көлік жолы болып табылады.
Белокаменка ауылында – Ертіс көшесінің 2,3 шақырымы жаңартылып, ауылішілік қозғалысты айтарлықтай жеңілдетпек.
Аталған үш ауылдағы жұмыстардың жалпы құны 180 млн теңгені құрайды.
Аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын тапсырды.
Кездесу барысында мердігер компания өкілдері Қара Мырза және Долон ауылдарында жол төсеу жұмыстарына демеушілік қолдау көрсететінін жеткізді. Бұл бастамалар – шалғай ауылдардағы өмір сапасын арттырып, әлеуметтік-экономикалық серпін беруге бағытталған маңызды қадам.
Бесқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметі