Жаз жайнатып, күн күлдіріп біз лагерьге барамыз…

Жадырап жаз келгенде оқушылардың басым көпшілігі лагерьлерде демалуды қалайды. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп біз лагерьге барамыз» деп балалық шақтың көңілді сәттерін қуаныш пен шаттыққа ұласқан естеліктерге толтырады. Ата-аналар да балаларының бос уақытын тиімді өткізуі маңызды екенін алға тартады.

Бесқарағай ауданының білім бөлімі мамандары атап өткендей, жазғы демалысты, сауықтыру мен балалардың демалыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру екі бағытта жүзеге асырылады. Оның бірі — сауықтыру демалысы болса, екіншісі — балаларды жұмыспен қамту.

Ағымдағы жылдың 5-11 шілдесі аралығында Бородулиха ауданының аумағында орналасқан «Түрксібтің 50 жылдығы» жазғы спорттық-сауықтыру лагерінің үшінші маусымы өтті. Оған Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептен 12 бала, Борас орта мектебінен 8 бала және Сосновка орта мектебінен 20 бала, жиыны 5-10 сынып аралығындағы 40 оқушы демалып қайтты.

«Түрксібтің 50 жылдығы» лагері балалардың денсаулығын нығайтып,   жинақталған физикалық және эмоционалдық стресстен арылуға мүм кіндік беріп,  психологиялық жайлылық сыйлайды, Сондай-ақ демалушылардың шығармашылық, танымдық қабілеттерін шыңдайды.

— Спорттық-сауықтыру бағытындағы лагерьде ұйымдастырылған барлық шаралар, әсіресе спорттық жарыстар балалардың жақсы демалысын ұйымдастыруға, олардың дамуы мен интеллектуалды, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталды. Біздің оқушылар әр сайысқа, жарысқа белсене қатысты. Ән айтты, биледі, ойнады, түрлі дәрежедегі сертификаттармен марапатталды, жаңа достар тапты – бір сөзбен айтсақ,  балалар қарағайлы орманның саф алтындай таза ауасында 7 күн демалды. Бұл демалыс оларға сергектік сыйлады, — дейді Бесқарағай аудандық білім бөлімінің әдіскері Ернұр Оразтанов.

Айта кетсек, «Түрксібке 50 жыл» балалар лагері барлық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, 4-5 маусымда да балаларды қабылдауға әзір.

 

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай