ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Қазіргі цифрлық технологияның қарыштап дамығын заманында қарапайым мұғалімдерге де көштен қалып қоймаудың маңызы өте зор. Себебі алдымызда отырған оқушыларға керекті және барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратындай білім беретін ұстаз болуымыз шарт деп санаймын. Олай болмағанда ұстаздық қызметтің сапасының жоқтығы деп есептеймін. «Алдыңғы қатар ағалар, кейінгі қатар інілер» деп Абай атамыз айтқандай,  алдыңғы шепте, бізге үлгі болып жүрген ұстаздарымызды мақтан ету, жасаған жақсы істерін паш ету біздің міндетіміз деп білемін.

Семеновка орта мектебінде ұстаздық етіп отырған ұстаз Жаннат Сансызбаева жастар үлгі тұтатын білікті де білімді маман. Ол өз әріптестерімен бір ұйымның ішінде және бірқатар басқа мектептердің мұғалімдерімен желілік кәсіби қоғамдастық және тәлімгерлік жүйесін көздейтін ізденімпаз ұстаздардың бірі. Оқу-тәрбие үрдісінде өз тәжірибесін жақсарту үшін оқушылармен үздіксіз қарым-қатынаста болып, қызығушылықтарын арттыру мақсатында пән саласында көптеген оқыту стратегияларын, түрлі педагогикалық тәсілдерді, мүмкіндіктерді қолданады. Ашық сабақ өткізуден еш жалықпайтын жан бүгінгі күнге дейін көптеген ашық сабақтарын өткізді. Сабақ барысында жаңа әдістемені қолданып, ерекшелене білді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жетекшілік  еткен шәкірттері ғылыми жобалардан республика көлемінде орын алған алғашқы ұстаз екендігін мақтанышпен айта аламыз. Өңіріміздің табиғаты мен жерлерін зерттеп, оқушылармен бірге көптеген жаңалықтар аша отырып, экология мәселесін де көтерген еді.

Жаннат Абуғалиқызы өзінің салмақты, сабырлы мінезімен білікті басшы бола алатындығын да бір дәлеледеп өткендей. Мектебіміздің оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқара жүріп, мектеп директорының уақытша міндетін атқарып та біліктілігін байқатты. Өзінің  ашық мінезімен барлық мәселеде оңтайлы шешім шығара білетін көшбасшылық қасиетін де танытты. Ұжым алдындағы абыройы мен беделі, адамгершілік қасиеттері тұлғалық болмысын қалыптастырғандай.

Ұстаз болу жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту екенін түсінетін Жаннат Абуғалиевна табиғатынан ақжарқын жан болғандықтан кез-келген баламен еркін тіл табысып, оның жүрегіне жол таба біледі, жас мамандардан да ақыл-кеңесін аямайды.

Отбысында аяулы жар, ардақты ана болып отырған Жаннат Сансызбаева үш баланың анасы. Биыл көптен көтіп жүрген немересін қолына алып, ақ жаулықты әже атанды. Саналы ғұмырын білім саласына арнап, сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Ж. Абуғалиқызындай ұстаздарымыз барда келешегіміз кемел болмақ.

А.ТЕМИРБЕКОВА,

Семеновка орта мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай