Ұстаз – ол көшбасшы. Жаңа қоғам мұғалімі – рухани бай, әлеуметтік жетілген, шығармашыл тұлға. Әрдайым жеке бас дамуына ұмтылатын, болып жатқан заман талабына тез бейімделе алатын жаңа қоғамның дара тұлғасы болу керек. Ағылшын ағартушысы, Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»,- дегендей, оқушының шабытын оятып, білімге құшатырлығын арттыруды көздейтін ұстаздардың бірі — Айдын Бақатаев.
Айдын Серікбайұлы Қоянбай орта мектебінде 2019 жылдан бастап физика пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. «Жас келсе іске» демекші, ол өзі түлеп ұшқан қара шаңырағында жас буынды тәрбиелеуге ерекше үлес қосып жүрген еңбекқор, талапшыл әрі креативті жас ұстаздардың бірі. Мұның дәлелі ретінде оқушыларының осы күнге дейінгі жеткен жетістігін айтсам артық етпес. Яғни, Айдын Серікбайұлы жетекшілік еткен бірнеше оқушылар аудандық, облыстық және республикалық олимпиада, зерттеу жұмыстарының жеңімпаздары атанып жүр. Атап айтсам, 2022 жылы қараша айында өткен аудандық ғылыми-зерттеу жобалар байқауында 8-сынып оқушылары Әлихан Пшенбай І орын, Мерей Сәрсембаев ІII орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңге қатысқан екі оқушысы да жүлделі І және ІІ орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Шәкірттері облыстық жарыстарға қатысып, орын иеленгені үшін Айдын Серікбайұлына сыйақы тағайындалып, мақтау қағазымен марапатталды.
Осы жылы қаңтар айында Борас орта мектеп – бақшасында өткен 3D модельдеу, бағдарламалау, ардуино және спорттық робототехника бойынша “ZEREK” чемпионатының аудандық кезеңіне Айдын Серікбайұлының жетекшілігімен тағы үш оқушы қатысып, үшеуі де жүлделі орындар иеленді. 6 – сынып оқушылары: «Сумо 10+» бойынша Алемжан Абайғажы І орын, «Сызық бойымен жарыс 10+» бойынша Нұрсұлтан Темірболатов ІІ орын, «Кегельринг 10+» бойынша Данияр Қалиасқар ІІІ орын алды. І орын иеленген оқушысы Әлемжан Абайғажы облыстық кезеңге жолдама алды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне физика пәні бойынша 10 сынып оқушысы Ердәуіт Шахманов жүлделі ІІІ орын, Республикалық жасөспірімдер олимпиадасының аудандық кезеңінде 7-сынып оқушысы Аружан Пшенбай ІІІ орын иеленді.
2022 жылы робототехникадан өткен «SKILLS FOR GEEKS» чемпионатының аудандық кезеңіне мектебіміздің 9-сынып оқушысы Дамира Избастинаға жетекшілік етіп дайындап, І орынды жеңіп алған болатын. Жеңімпаз атанған Дамираға облыстық кезеңге қатысып, сертификатпен марапатталды. Дәл осы чемпионатта Алихан Пшенбай ІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар Айдын Серікбайұлы өзінің түлеп ұшқан қара шаңырағының, мектебіміздің гүлденіп, көркеюінеде өз үлесін қосуда. Мектеп ауласына өз күшімен, өз еңбегімен ағаштан «I love school» фото алаңын орнатты.
Қазіргі таңда Айдын Бақатаев мектеп директорының міндетін атқарушы, мектебіміздің тәрбие ісінің меңгерушісі және физика пәні мұғалімі қызметін атқарып жүр.
Иә, ақын, педагог М.Жұмабаев айтпақшы мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артады, соларға сенеді. Жастар – қозғаушы күш. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі. Ұстаз деген ұлы мамандықтың тұтқасын ұстап, тамырдай жан-жаққа тарамдалған мектеп тынысына, ұстаздың тынымсыз тіршілігіне қанығып келе жатқан, жас та болса бас болған әріптесім әрі оқушым Айдын Серікбайұлының алар асулары мен бағындырар белестерінің көп болуын тілейміз.
Қаракөз Ахметжанова,
«Біздің Бесқарағай» газетінің штаттан тыс тілшісі