ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ

29 қазан күні Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов бастаған Бесқарағай аудандық делегациясы жұмыс сапарымен Курчатов қаласына барды. Делегация құрамында мәслихат хатшысы, округ әкімдері және еңбек ардагерлері болды.

Сапар барысында Талғат Мұратов Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунковпен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық байланыстарды жаңғырту және екі ауданның қарым-қатынасын дамыту мақсатында келіссөз жүргізді. Сондай-ақ  алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірге жүзеге асыру бойынша жоспар құрылды.

Арнайы сапар барысында аудандық мәслихат хатшысы Мейрамгүл Абылғазинованың жетекшілігімен Бесқарағай ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ет, көкөніс және сүт өнімдері, орман сыйлықтары мен бал өнімдері қолжетімді бағада саудаланды. Айта кетсек, жәрмеңкеде сауда сөресіне қойылған тауарлар Курчатов қаласындағы дүкендердегі бағадан 30 пайызға төмендетіліп саудаланды. 5 тонна көкеніс және өзге де барлық тауарлар толықтай саудаланды. Нарықтан әлдеқайда төмен бағада азық-түлікке қол жеткізген тұрғындар ризашылықтарын білдірді.

«Жақсыны көрмекке» демекші, Курчатов қаласының басшылығы Бесқарағайлық делегацияны қаладағы балалар бассейнінің, балалар спорт мектебінің, музейдің жұмысымен таныстырды.  Курчатов еліміздің бейбіт атом орталығы саналады. Музейде әлем аждаһасына айналған Семей полигонының тарихы, зардабы мен бүгінгі бейбіт әлемге қол созған Қазақстан жайлы ақпарат берілді. Сонымен бірге бесқарағайлықтар ядролық орталықтың жаңа технологияларды қолдану арқылы шығарып жатқан ауыл шаурашылығына пайдалы өнімдерімен танысуға мүмкіндік алды. Бұл жерде өндірілетін ауыл шаруашылығына арналған химиялық препараттардың тиімділігін пайдалану арқылы өнімділікті арттыру – өзекті мәселе. Сондықтан аудан әкімі Талғат Батырұлы тиісті сала мамандарына аталмыш орталықпен байланысты нығайтуды тапсырды.
Кездесу соңында ерке Ертістің қос жағалауында орналасқан аумақтардың әкімдері жұмыс жоспарын жасап, ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.

Ерболат РАХМЕТУЛИН

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай