Көрісу күнінен бастап Беген орта мектебі ұжымы халқымыздың ақшаңқан киіз үйін тігіп қойды. Ата-бабамыздан қалған мұндай құнды дүниелер «мен мұндалап», мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық.
Наурыздың 17-сі күні «Өскенімді ел көрсін, үйренем халық мұрасын» деген ұранмен мектеп оқушыларының «Әз-Наурыз» мерекелік думанды кеші өтті. Әрбір сынып оқушылары өздерінің өнерлерін сахнада мерекелік тарту етті. Мектеп басшылары Жібек Өмірбайқызы мен Рымгүл Арыстанбекқызы құттықтау сөз айтып, жыл үздіктеріне қорытынды жасап, мадақтама қағаздарын тапсырды.
Ал дәл Наурыз күні киіз үйдің маңында мерекелік кеш өтіп, мектеп ұжымы, әкімшілік, дәрігерлік амбулатория, орман шаруашылығы ақ дастархандарын жайып, наурыз көжелерін таратты.
Орман шаруашылығы мен ақ халатты абзал жандардың дастарханында халқымыздың ұлттық тағам түрлері мол болды.
Таңғы салқынға тоңазыған жұртты мектеп ұжымының ыстық көжесі жылытқандай болды. Мұндай бүкіл халықтық шараларға мән беріп, бей-жай қарамай, бәсекелестік тудыру мақсатында әр мекеменің дайындығын айту да орынды.
Наурыз мол дастарханымен, наурыз көжесімен құнды. Сонымен бірге, ұлттық өнер, ата-бабадан қалған дәстүр салтымызды дәріптейтін түрлі театрландырылған көріністерімізді де есепке алып, жастарға үлгі ету үлкендік парызымыз. Осы орайда әкімшілік тұсау кесу, мектеп ұжымы бесікке бөлеу, дәрігерлер құда күту, орман шаруашылығы қырқынан шығару көріністерін көрсетіп, жиналған жұртты бір серпілтіп тастады.
Солардың ішінен балабақша тәрбиешісі Сабира Смағұлованың сценарийді өзі жазып, рөлдерге дайындап, ең бастысы, бұл дәстүрдің идеялық мақсатын аша білген бесікке салу дәстүрін көрсеткенде қол соқпаған адам болмады.
Сахна мәдениеті, ой орамы, тіл шеберлігі жиналған көпті өзіне қаратып, тәнті етті.
Самал Абдрахманқызы,
Беген ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы