Орталық алаңда «Күмбірле қазағымның домбырасы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан ерекше мереке. Жастарға домбыраның киесі мен күй құдіретін жеткізіп, қасиетті қара домбыраны ұлықтау мақсатында өткізілген мерекелік шараға жиналғандардың қарасы қалың болды.
Салтанатты мерекеде тұрғындар мен қонақтарға мәдениет үйінің әртістері мен шығармашылық үйірмелердің жас өнерпаздары бірігіп, рухани кеш сыйлады.
Іс-шара барысында 50-ге жуық Бесқарағай жастары «Балбырауын» күйін ойнады. Аудан тұрғындары әсем күйден құлақ құрышын қандырып, тамаша әндер тыңдады. Сонымен қатар орталық алаңда жас жұбайлар некелерін қиып, ауыл ақсақалының ақ батасын алды.
Домбыра мен күй өнері адамзаттың мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Осынау айтулы күні қазақтың ұлттық аспабынан күмбірлеп шығар қоңыр үнді естіп, күй құдіретінен қуат алу үшін жиналған аудан тұрғындары кештен ерекше әсер алды.
«ББ»-ақпарат