Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев жұмыс сапарымен Баскөл ауылдық округіне қарасты Қарағайлы ауылында болды. Ауылдағы әлеуметтік нысандар жұмысымен, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен танысып, әкімдіктің көшпелі отырысын өткізді.
Сапары аясында Нұрбек Тұрсынқанұлы Қарағайлы ауылындағы «BA Agro Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын ЖШС дәнді және майлы дақылдар өсіреді. Жылына 4 мың тоннаға дейін астық өндіреді. Серіктестік 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын инвестиция тартып, техникалық базасын нығайтуда. Мұнда 93 бірлік ауыл шаруашылық техникасы бар.
Ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, ауданның экономикалық дамуына үлес қосып отырған шаруашылық жұмысымен танысқан Нұрбек Қошқарбаев аграрлық секторды дамытуға, ауыл шаруашылығы саласындағы жоспарларды сапалы жүзеге асыруға жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қоса, салаға жастарды тарту маңызды екенін де тілге тиек етті.
Сапары барысында Нұрбек Қошқарбаев Қарағайлы ауылына құрылысы аяқталған дәрігерлік амбулаторияның ғимаратын аралап, медициналық құрал-жабдықтармен қамту жұмыстарының барысымен танысты.
Жаңа нысан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта амбулаторияның салтанатты ашылуы өтеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, әкім Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепке барып, жылыту қазандығының жұмысын тексерді. Мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Әлеуметтік нысандардың жағдайы әрдайым бақылауда болатынын айтқан аудан басшысы алдағы уақытта ауылдың дамуына қатысты бірқатар жаңа бастамалардың қолға алынатынын жеткізді.
Қарағайлы ауылында аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаевтың төрағалығынмен Бесқарағай ауданы әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға дербес бөлім басшылары, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібіне ықтимал су тасқыны кезеңіне дайындық, 2024 жылғы әскери қызметке шақыру қорытындылары және алдағы жылға қойылған міндеттер қаралды.
Аудан басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді және қауіпсіздік жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жиында 2024 жылғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанының қорытындылары қаралып, 2025 жылға арналған міндеттер айқындалды. Аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев әскерге шақыру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Ол жастар мен ата-аналар арасында ақпараттық жұмысты жүйелі жүргізу маңызды екенін айтып, жауапты органдарға бұл бағытта нақты тапсырмалар берді.
Сонымен бірге, жиында жергілікті атқарушы органдардың қызметін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялау жұмыстарының нәтижелері, 2022-2025 жылдарға арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалу деңгейі, аудандағы сумен жабдықтау жүйелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы мен ауыз судың сапасы сынды өзекті мәселелер қаралды.
Қарағайлы ауылында өткен жиын қорытындысы бойынша аудан басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
«ББ» — ақпарат