10 отбасы көшіп келді

«Елге ел қосылса – құт» демекші, тағдырдың түрлі сынағында тарыдай шашылған ағайындарымыз атамекенді аңсап, елге оралып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашанда мән береміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған»,- деген болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап этностық қазақтардың тарихи отанына оралуына барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесі болар, статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  33 жылда 1 млн 129,6 мың адам Отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Бұл ел халқының 5,6%-ын құрайды.

Биыл  көші қон бағдарламасы бойынша Бесқарағай ауданына 10 отбасы, 33 адам көшіп келді. Оның ішінде 5 отбасы еліміздің оңтүстік өңірінен қоныс аударған болса, 4 отбасы ҚХР  келген қандастар. Жетіжар, Бесқарағай ауылдық округтеріне орналасқан бұл отбасыларға мемлекет тарапынан тағайындалатын субсидиялар толық көлемде берілген. Кейбір отбасылардың құжаттары әзірлену үстінде.

Ағымдағы жылы Қытай Халық Республикасынан көшіп келген отбасылардың бірі —  Кулиман Әдиолланың жанұясы. Атажұртқа табан тіреп, Бесқарағай жеріне қоныстанған бұл отбасы экономикалық ұтқырлық сертификат арқылы тұрғын үй сатып алып, көші-қон субсидиялары да төленіпті. Бүгінгі таңда кондитерлік өнімдерге тапсырыс қабылдап жүрген Кулиман Әдиолла  болашақта жеке кәсіп ашуды жоспарларлап отыр.

— Атажұртқа келгенімізге қуаныштымыз. Атамекенді аңсап келдік. Құшақ жая қарсы алған халқымызға алғысымыз шексіз. Барлық жағынан қолдау көріп отырмыз. Еліміздің дамуына үлес қосамыз, тарихи отанымызда өсіп-өркендейміз деген мақсатымыз бар. Атамекенге оралу – шетте жүрген әр қазақтың арманы,- деген К.Әдиолла осы өлкеде өсіп-өркендеуді мақсат ететіндігін жеткізді.

Бағдарлама аясында шет елден ғана емес, өзге өңірлерден қоныс аудару қарқын алған. Бағдарлама арқылы ауданға келген жас отбасылардың бірі – Қабылках Қайсардың отбасы.

— Отбасы Алматы  облысының Талғар ауданы, Нұра ауылынан қоныс аударған.  Отағасы Қайсар өте өжет азамат. Қайсар 2018 жылы Алматы мемлекеттік бизнес колледжін «Тағам өндірісінің технологиясы және ұйымдастырылуы» мамандығы бойынша бітірген. Жас отбасы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініш беріп, комиссияның оң шешімін алды. Бұдан соң оларға мемлекет тарапынан көшуге және тұрғын үйді сатып алуға 4 млн.тенге көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаты беріліп, Бесқарағай ауылынан тұрғын үй сатып алды. Бесқарағай ауданының Мансап орталығының көмегімен жұмысқа орналасты. Үш бала тәрбиелеп отырған отбасы бүгінгі таңда жеке кәсіпкер М.Төлеуованың «Шығыс» кафесінде бас аспазшы болып жұмыс жасауда. Ал жұбайы Еңлік Ұланқызы білім алып жатыр,  Бесқарағай колледжінің студенті, — дейді Мансап орталығының маманы  А.Какимова.

-Біз Абай облысы Бесқарағай ауданына көшуге шешім қабылдағанымызға еш өкінбейміз, керісінше өте ризамыз. Осындай қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік бағдарламаның  бар екені біздерді қуантады. Бесқарағай ауданының табиғаты, климаты бізге өте ұнайды. Аз уақыттың ішінде осы жерге бейімделіп, жұмысқа тұрып, үй алып, балаларымызды мектепке, бақшаға орналастырдық. Жолдасымның жұмыстағы ұжымы өте жақсы, мейірімді және жанашыр жандар. Қоныс аударушылардың жұмысқа орналасуына, мемлекеттен тағайындалған субсидияны алуына көмек берген Мансап орталығы ұжымына да алғысымыз шексіз»-дейді Қайсар менр Еңілік.

Иә, бағдарлама арқылы төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен туған елге қарлығаштай ұшып келген ағайынның үзілгені жалғанып, өшкені жанғандай. Қай қиырда жүрсе де атамекенге деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пәк пейілдерін сарқымай сақтап, ата дәстүрді ұмытпай, ана тілінен қуат алып, рухани құндылықтарымызды дәріптей білген қандастардың арманы — ұрпағының болашағын Тәуелсіз Қазақстанмен байланыстыру.

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, еліміздің дамуына үлес қосқаннан артық қуаныш бар ма? Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ. Шекара жабылмай, ұлы көш жалғаса бергей.

Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай