19-21 сәуір аралығында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында өңіраралық жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының ірі жұмыс берушілері бос жұмыс орындарын ұсынды. Абай облысынан қала және аудандарынан жұмыс берушілер, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері делегат болып қатысып қайтты.
19 сәуір күні Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында басталған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі 20 сәуірде Сайрам, Ордабасы аудандарында жалғасты. 3 күнге созылған жәрмеңке 21 сәуір күні Түркістан қаласында қорытындыланды.
-Мемлекеттік бағдарламаларды бетпе-бет әрі қарапайым түрде түсіндіруінің нәтижесінде 3 күннің ішінде 70 отбасы, мүшелерін қоса есептегенде 150-ге жуық түркістандық біздің облысымызға көшуге ниет білдіріп отыр. Жәрмеңке барысында Абай облысынан 549 бос жұмыс орыны ұсынылды. Оның ішінде медицина саласы бойынша – 102, білім саласы – 96, көлік саласы – 38, өнеркәсіп саласы – 26, құрылыс саласы – 102, ауыл шаруашылығы – 54, басқа да мамандықтар – 131 бос жұмыс орындары ұсынылды,-деді Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Еркебұлан Накипов.
Еркебұлан Серікқажыұлының айтуынша, қоныс аударуға шешім қабылдаған отбасылардың алғашқы легі жуырда келсе, жыл соңына дейін барлығы қоныстандырылмақ.
Қоныс аударушыларға көшіп келуге бір реттік 70 АЕК немесе 241500 теңге мемлекеттік субсидия және әр отбасыға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 15-30 АЕК дейін, сонымен қатар, тұрғын үйді сатып алуға немесе құрылысына 4 млн теңге көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған.
Аталған жәрмеңкеге Бесқарағай ауданынан Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры А.Құрманғалиева және Ерназар ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Н.Рахимжанова қатысты. Жалпы, бағдарлама басталған сәттен бастап Бесқарағай ауданына 68 отбасы, 230 адам қоныс аударды.
Айта кетсек, былтыр Абай облысына 302 адамға квота бөлініп, 55 қандас, 247 қоныс аударушы аймағымызға көшіп келген. Ағымдағы жылы облысымызға қандастар мен қоныс аударушылар бойынша 434 квота бөлініпті.