Өткен аптада аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров жұмыс сапарымен бірнеше ауылдық округке барды. Ауылдарғы әлеуметтік мекемелерді аралап көріп, халықпен кездесті.
Аудан әкімімен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Валерий Калиновский, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Руслан Заденов, білім бөлімінің басшысы Самат Омарғазин, ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жұмагелді Бопаев, жастар ресурстық орталығының директоры Жан Әлжанов бірге жүрді.
Өңір басшысы жұмыс сапарын Кіші Владимировка ауылдық округінен бастады. Әлеуметтік мекемелерді аралап, жай-күйімен танысқан соң тұрғындарды жеке қабылдады. Тұрғындар жол жөндеу, жастардың бос уақытын өткізуге арналған орталық ашу,
әкімшілік қарамағындағы жерді ауыл тұрғындарына бау-бақша отырғызуға келісімшарт жасау арқылы жалға беру және Қазпочта ғимараты бойынша сұрақтар қойды. Жалпы жеке қабылдауға жиыны 7 тұрғын қатысты.
Келесі күні аудан әкімі іссапарын Өндіріс, Қарабас, Беген ауылдарында жалғастырды. Ауылдардағы азық-түлік дүкендеріне барып, әлеуметтік маңызы бар өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында мониторинг жүргізді. Мектептер пен ауруханаларға аялдады. Ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Азаматтар жер мәселесі, жол жөндеу, ауыл көшелерін жарықтандыру бойынша сауалдарын қойып, мәселені шешіп беруді сұрады. Жарқынбек Борашұлы барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Ал 25 қаңтар күні аудан әкімі Қара-Мырза, Канонерка, Жыланды, Стеклянка, Глуховка, Белокаменка ауылдарына ат басын тіреді. Әлеуметтік мекемелерді аралап көрген соң, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ауыл тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға келген 12 тұрғын жер, жол, жұмыспен қамту, көшелерді жарықтандыру, су желілерін тарту мәселелері бойынша жүгінді. Жарқынбек Борашұлы көтерілген сұрақтарды өз назарына алатынын жеткізді.
Өңір басшысы сондай-ақ Глуховка ауылдық округі аумағындағы «Қалиханұлы» сүт-тауарлы фермасына соқты. Сүт бағытындағы шаруа қожалығында бүгінгі таңда 600 сауын сиыр өсірілуде. Бұған дейін қожалық басшысы солтүстік Қазақстаннан 100 бас, Украинадан 100 бас қара ала асыл тұқымды ірі мал әкелген болатын. Аудан әкімі шаруашылық жұмыс барысын көріп, 220 ірі қара малға арналып салынған жаңа базаны аралады.
Аудан әкімінің ауылдарға сапары жалғасуда.
Ербол ЕРЕНҰЛЫ