Туған өлкеміздің табиғатын қорғайық!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30-жарқын іс» акциясы аясында Баскөл ауылдық округінде «Туған өлкеміздің табиғатын қорғайық» экологиялық акциясы өтті.

Экологиялық акцияға қатысу – қорошаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын әр адамның саналы таңдауы. Жалпы кез келген акцияның мақсаты – адамдарға қоршаған ортаның проблемаларын көрсетіп, табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалануға, су мен топырақты ластанудан сақтануға, жануарлардың жойылып бара жатқан түрлерін қорғауға, туған жерге сүйіспеншілікпен қарауға, табиғатты құрметтеуге тәрбиелеу.

Акцияларға қатысу — экологиялық білімнің аз ғана бөлігі. Алдымен адамның ойлау деңгейі, санасы өзгеруі керек.

Қарағайлы ауылында акция ауылдың Мәдениет үйінің жанында басталды. Шара барысында Тәуелсіздік, Н.Баймұратов көшелері, ауыл маңындағы «Котлован» тұрғындар демалатын орман іші қоқсықтардан тазаланды. Жиыны бес тонна қоқсық шығарылды. Аталған акцияға ауыл ақсақалдары Төлеген Атығаев, Мұратбек Токоманов, Мәдениет үйінің қызметкерлері, Н.Баймұратов атындағы орта мектебінің ұстаздары, әкімдік қызметкерлері және ауыл жастары қатысты.

Мұндай экологиялық акциялардың қоршаған ортаға пайдасы орасан зор. Аудан тұрғындарын табиғатты аяулауға, қорғауға, тазалық жүргізуге шақырамыз!

Ербол ЕРЕНҰЛЫ

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай