Тәуелсіздік – бабалар аңсап, тоқтаусыз күресіп, кейінгі ұрпақтың қолы жеткен қастерлі құндылық. Ол – ғасырлар бойғы ата-бабаларымыздың үздіксіз күресімен, 1986-ның желтоқсанында қазақтың ұл-қыздарының қанымен келген жетістік.
Ерлердің еңбегін ұлықтап, есімдерін ел есінде мәңгі қалдыру баршамызға парыз. Желтоқсан құрбандарын еске алып, оларға құрмет көрсету, елдігімізді алып берген ерлігін айту мақсатында Қоянбай ауылының кітапханашысы Е.Батталова кітапхана оқырмандарына «Тәуелсіздік-тұғырым» атты еске алу сағатын өткізді.
Іс-шара бір минуттық үнсіздікпен басталып, кітап көрмесімен жалғасты. Көрмеге кітаптардан басқа буклеттер, кітапханашы өз қолымен жасаған әртүрлі көрнекіліктер қойылды.Тіпті заман талабына сай қатты қағаздан жасалған пуфикке QR код қойып түрлендіре білді. Қатысушылар ұялы телефоннан сканер жасап, тамашалады. Желтоқсан құрбандары жайлы видеоролик көрсетіліп, көпшілік көзіне жас алды.
Тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – баршамыздың борышымыз екені даусыз. Сол жолда еңбек етіп жүрген кітапханашы Күлпан Ерлікқызының еңбегіне жеміс, отбасына амандық тілейміз.
К.Тоғанбекова,
Қоянбай ауылының тұрғыны