«Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері»

22 қыркүйек күні алғаш рет Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы, «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін 8-10 сынып оқушылары арасында Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған «Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері» атты облыстық байқауы өткізілді.
Байқауға қатысушы оқушылардың қатары өте көп болды. Бұдан жас ұрпақтың білімге деген ерекше ұмтылысын байқауымызға болады. Екі кезең бойынша ұйымдастырылған шараның бірінші кезеңінде «Тарих тудырған талант» номинациясы бойынша Қабдеш Жұмаділовтің туған жеріне деген сағыныш пен махаббатына арнаған шығармашылығы жайлы эссе жазылды. Екінші кезеңде «Қ.Жұмаділов – қазақтың көркем сөзіне, әсіресе тарихи жанрына елеулі үлес қосқан жазушы» атты жазушы шығармашылығынан жатқа үзінді оқылды.
Қатысушы оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сайыс болғандықтан дарындылар оза шауып, алға шығу керек. Жазушының ұлы Арман Жұмаділов ағамыз жанұясының атынан айтулы әкесінің 350-ге жуық кітабын оқырмандарға сыйға тартуға арнайы әкелген екен. Шара барысында Арман Жұмаділов барлық қатысушыларды құттықтап, ашық микрафон алаңында оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сайысқа Бесқарағай ауданы атынан 3 оқушы қатысты. Глуховка орта мектебінің 9 сынып оқушысы Дильназ Ерболқызы «Дарабоз» романынан үзіндіні жатқа оқып, 1-ші орынды иеленді әрі 70 000 теңгенің сертификатымен мадақталды. Сонымен бірге, барлық қатысушы оқушыларға арнайы сертификат пен Қабдеш Жұмаділовтің оқулықтары тарту етілді. Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі. Дильназды дайындаған ұстазы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Назымгүл Жұмағалиеваның еңбегіне толағай табыс тілейміз.

Айгүл ҚҰСАИНОВА,
бастауыш сынып мұғалімі

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай