СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ – МАҚТАНЫШЫМЫЗ

Спорт – денсаулық кепілі. Спортты серік еткен балалар жастайынан тәртіпке үйреніп, шымыр болып шығады. Әрі спорт адамды мықтылыққа, сабырлылыққа тәрбиелейді.  Өңірдегі сондай білім ордаларының бірі – ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «Бесқарағай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ.

Спорт мектебінің тәрбиеленушілері өткен жылы республикалық және облыстық маңызы бар 23 жарысқа қатысып, 27 алтын, 25 күміс және 20 қола медаль жеңіп алыпты. 2021 жылдың 24-28 наурызы аралығында Тараз қаласында кадеттер арасында еркін күрестен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында А. Тоқановтың жаттықтыруындағы ауданымыздың спортшылары Ералы Жеңісов 45 келі салмақ дәрежесінде ІІ орын және Нияз Тоқанов 51 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын жеңіп алды.

2021 жылғы 15-17 маусым аралығында Алматы облысының Сарқант қаласында еркін күрестен ауыл спортшылары арасында өткен Қазақстан чемпионатында Нияз Тоқанов 51 келі салмақ дәрежесінде және Аслан Шаяхметов 55 келі салмақ дәрежесінде ІІ орын, Алдияр Тоқанов 80 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын иеленді.

Ауданымыздағы желаяқ спортшы Никита Меркуловты ерекше атап өтуге болады. 2021 жылғы 24-27 қыркүйек аралығында Алматы қаласында жеңіл атлетика бойынша тірек-қимыл аппараты мен көру органдары зақымданған спортшылар арасында өткен Қазақстан Республикасының VI спартакиадасында Никита Меркулов 100, 200, 400 метрге жүгіруден чемпион атанды. Осылайша Никита нормативті орындап, жеңіл атлетикадан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына ие болды. Осы орайда жаттықтырушысы Слоницкая Галина Юрьевнаның еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Өткен жылғы пандемияға қарамастан, біздің спортышларымыз дайындықты тоқтатпай, Қазақстан чемпионаттарында жарқын жеңістерге жетті. Спорт мектебінің тәрбиеленушілерінен әлі талай жеңістер күтеміз.

 

Ж.ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай