Бесқарағай ауданындағы Шипалы көлде туристік әлеуетті дамыту мақсатында жаңа жобалар қолға алынуда. Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында аталған демалыс аймағында болып, жоспарланған нысандармен танысты.
Шипалы көл (халық арасында Шошқалы көл деп аталады) – Бесқарағай ауданының солтүстік-батысында, аудан орталығынан 85 шақырым қашықтықта, «Семей Орманы» табиғи резерваты аумағында орналасқан ерекше табиғи нысан. Көлдің суы мен балшығының емдік қасиеті ел ішінде кеңінен танылған.
Қазіргі уақытта көл маңында бірнеше жеке кәсіпкер жұмыс істеп, келушілерге демалыс қызметін ұсынып отыр. Жазғы маусымда апта соңында 700-800 адамға дейін келсе, өзге күндері 300-ге жуық демалушыны қабылдайды. Жағажай аймағы абаттандырылып, киім ауыстыруға арналған кабиналар, күннен қорғайтын құрылғылар, волейбол алаңы, барбекю аймағы және демалыс орындары орнатылған. Сондай-ақ, жартылай жеке кордон мен 12 төсек-орындық қонақүй жұмыс істейді.
Жергілікті инвесторлар көл жағасына 300 орындық балалар лагері мен сауықтыру-демалыс кешенін салуды көздеп отыр. Облыс әкімі бұл бастамаларға қолдау білдіріп, инфрақұрылым тарту мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар берді.
– Шипалы көл – облыстың маңызды туристік нысандарының бірі. Көлге инфрақұрылым тартылса, инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлер көп. Биыл негізгі жолдан көлге дейінгі 7-8 шақырым жерге асфальт төселеді. Электр желісін тарту мәселесін де шешеміз. Осындай орындарды тиімді пайдалануымыз қажет, – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар, облыс басшысы Туризм басқармасына өңірдегі туристік орындарды дамыту бойынша тапсырма берді. Жоба толық іске асқанда, Шипалы көл өңірдің экотуризм картасында ірі орталықтардың біріне айналмақ.