Әйел – Ана, Әйел – Өмір, Әйел –тіршілік өзегі. Адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдырет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі – өсиет, тұғыры биік. Алтын құрсағынан адамзаттың алыбы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі – алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар.
«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт-берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі саналатын балалардың тәрбиелеушісі.
Осы орайда Бозтал ауылындағы өнегелі отбасы жайлы және сол шаңырақтың ұйытқысы, ақ жаулықты ана, асыл жар, ауылдастары арасында үлкен құрметке ие Сарқыт Сағидоллақызы жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.
1961 жылы Бозтал ауылында дүниеге келген Сарқыт Закриова 1968 жылы мектеп табалдырығын аттап, 9-сыныпты бітірген соң Новопокровка техникумына есепші мамандығы бойынша оқуға түскен. Жас маман еңбек жолын ауылынан бастап, 1981 жылы «Березовка» арнайы шаруашылығына орналасып, кейін почта саласында жұмыс атқарды. Еңбек жолында өзінің жұмысына деген жауапкершілік қасиетімен, еліне, халқына деген жанашырлығымен көзге түсіп, Кіші Владимировка округінің маманы лауазымына тағайындалып, зейнетке шыққанға дейін қызмет етті.
Сарқыт Сағидоллақызы 1985 жылы тұрмысқа шығып, жары Асылжан Құрманғалиевпен екі перзентке әлемнің жарығын сыйлады. 38 жыл отасқан жұп бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты ата-әже.
Қызметі мен отбасын қатар алып жүрген аяулы ана ауыл тұрғындарына қол ұшын созып, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытады. Бозтал ауылының тыныштығы мен тазалығына үлесін қосып, еңбегі сіңген жан ауылдастары арасында да құрметті.
Ж.Шукенова,
«Біздің Бесқарағай» газетінің штаттан тыс тілшісі