ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Астана күнін мерекелеу аясында Бесқарағай ауданы Кіші-Владимировка ауылында шағын футбол алаңы салтанатты түрде ашылды.

 Заман талабына сай салынған шағын футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Талғат Мұратов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

— Құрметті аудан тұрғындары, Сіздерді шағын футбол алаңының ашылуымен құттықтаймын. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасауда. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа жақын болуы – ел болашағының жарқын болуының бір көрінісі,- деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Шара аясында шағын футболдан турнир өтіп, онда облыстың жас футболшылары өз шеберліктерін көрсетті. Бұл күні жас спортшыларға арнайы құрал-жабдықтар да берілді. Бұл олардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға ынталандыру болары сөзсіз.

Жақын арада сондай-ақ Канонерка ауылдық округінде жаңа футбол алаңының құрылысы аяқталады. Оның ашылуы 20 шілдеге жоспарланған.

Бүгінгі таңда ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, дайындық залы, футбол және жаттығу алаңдары бар 35 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыд бассейннің құрылысы да басталды.

Тағы бір жақсы жаңалық, Бесқарағай ауданының футболшылары ауданның намысын қорғап, даңқын асқақтатты. Павлодар облысында өткен «UNITY — 2024» чемпионатында Бесқарағай ауданының жасөспірімдері чемпион атанып, жүлделі бірінші орынға ие болды.

Жас футболшыларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!

 

Ай-Керім Сәрсенқали, «Біздің Бесқарағай»

 

 

 

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай