Бесқарағай ауданында саябақтарды абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Аудан орталығында саябақтар абаттандырылып, 30 мың дана гүл отырғызылды. Субұрқақтар іске қосылып, жасыл желектерді суару құрылғылары орнатылды. Абаттандыру жұмыстарының барысын аудан әкімі Талғат Мұратов өзі тексеруде.
Айта кетерлігі, ауылдарды көгалдандыруды жаз мезгілінде «Жасыл ел» жасақтары жүргізеді. Былтыр сарбаздар саны 70 адам болса, биыл 90 бала аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамтылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында да тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан басшысы Талғат Батырұлы аталған мәселені үнемі өз бақылауында ұстауда. Акция аясында жастар да белсенділік танытуда. Олар аудан орталығындағы бірнеше көшені қоқыстан тазартып, жол бойындағы шөптерді кесті. Іс-шараға ауданның 100-ден астам жастары қатысты. Акция алдағы уақытта Бесқарағай ауданының інжу-маржаны саналатын «ШОШҚАЛЫ» көлінде жалғасын табатын болады.
Ал «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясын өткен аптада Канонерка ауылдық округінде жалғастырды. Акцияға “AMANAT” партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Әбдікәрімов, Бесқарағай ауданының мәслихат төрағасы Мейрамгүл Абылғазинова, аудан тұрғындары мен партияластар, жалпы 40-қа жуық адам қатысты. “Канонерка” көлінің 1.5 гектар аумағы тазаланып, 70 қапқа жуық қоқыс жиналды.
Айта кетейік, Бесқарағай ауданында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын футбол алаңдары да салынуда. Қазіргі уақытта үш алаңның құрылысы жүргізілуде. Ал Малая-Владмировка ауылында шағын бокс үйірмесіне арналған орталық салынуда.
Аталған жобалардың орындалу барысы аудан әкімі Талғат Батырұлы Мұратовтың жіті бақылауында.
Ербол ЕРЕНҰЛЫ, «Біздің Бесқарағай»