Аудан әкімі Жарқынбек Борашұлының ауылдық округтерге сапары жалғасуда. Өткен аптада Беген және Қарабас ауылдық округтерінде болған аудан басшысы білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындық деңгейін саралап, округ аумағындағы шаруа қожалықтарында болды, сонымен бірге, жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесіп, тұрғындардың хал-ахуалымен танысты.
Беген ауылында су басу қауіпі бар аумақтарды ескере отырып, төтенше жағдайды болдырмау қажеттігін қадап айтқан Жарқынбек Борашұлы тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Сонымен қоса, Бесқарағайдың інжу-маржан саналатын Шошқалы көліне барған әкім туристік әлеуетті арттыру мақсатында демалыс орнының қолайлылығын жетілдіру қажеттігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ауыз су, өрт қауіпсіздігін сақтау сынды өзекті мәселелер өңір басшысының назарынан тыс қалмады.
-Қарабас ауылындағы су құбыры ұңғыма сақиналарын орнатуда жобадан ауытқу барын байқап, соған байланысты жауапты мердігерге ескерту жасап, нысанды жұмыс кестеге сәйкес және тиісті деңгейде жүргізілуін талап еттім. «Семей орманы» табиғи резерватының филиалында болып, жаз мезгілінде ормандағы өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу шараларын жүргізу бойынша орманшылардың жергілікті әкімдермен тығыз қарым-қатынаста атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, тиісті тапсырмалар бердім,- деді Ж.Байсабыров.
Жетіжар және Кривинка ауылдарына арналған жұмыс сапары барысында округтің әлеуметтік нысандарының, білім ошақтарының, амбулаторияның жұмысымен танысып, округ аумағындағы шаруа қожалықтары басшыларымен жүздесіп, технологиялық жауын құрттарынан биогумус тыңайтқышын өндіретін «Азамат» шаруа қожалығының жетістіктеріне куә болды.
Ал Долон, Бөдене, Мостик, Черемушка ауылдарында әлеуметтік маңызды нысандар жұмысымен танысқан соң өлкенің өндіріс көлемін арттыруға айтарлықтай септігін тигізетін «KazNickel», «ГРК Электрум», «Семей-Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмыс барысымен танысты.
Ауылдардың қауымдастық мүшелерімен кездесіп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Жарқынбек Борашұлы келелі мәселелер кезең-кезеңімен шешілетіндігін айтты.
Ерболат РАХМЕТУЛИН