Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданына жұмыс сапары аясында аудан орталығындағы Бесқарағай колледжінде болып, оқу орнының қызметімен танысты.
1954 жылы негізі қаланған оқу орны бүгінде өңірдің аграрлық және техникалық бағыттағы сұранысқа ие мамандарын даярлап отыр. 2023–2024 оқу жылын 186 студент аяқтаған. Қазіргі уақытта колледжде 28 инженер-педагог еңбек етеді. Олардың қатарында модераторлар, сарапшылар мен магистрлер бар.
Колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттерге арналған 75 орындық жатақхана, оқу-өндірістік зертхана және жылыжай жұмыс істейді. Мұнда көкөніс пен декоративті гүлдер өсіріледі. Студенттер 6 мамандық пен 10-нан астам біліктілік бойынша білім алып, түрлі мекемелер мен шаруашылықтарда тәжірибеден өтеді.
Бүгінде колледжде:
-
Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету
-
Ауыл шаруашылығын механикаландыру
-
Орман шаруашылығы
-
Ландшафттық дизайн
-
Жеміс-көкөніс шаруашылығы
-
Тамақтандыруды ұйымдастыру секілді бағыттар бойынша оқыту жүргізіледі. Алдағы уақытта «Ветеринария» және «Бухгалтер» мамандықтарын ашу жоспарда бар.
Колледждің басты мәселелерінің бірі – оқу корпусы мен өндірістік шеберхана шатырының тозуы. Бұл проблема 2021 жылы анықталған, ал 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанымен, жөндеу жұмыстары әлі жүргізілмеген. Колледж басшылығы осы мәселені облыс әкіміне жеткізіп, қолдау сұрады.
Осы күні оқу орнында ауыл шаруашылығы бағытындағы колледж студенттері арасында «AgroSkills Abai-2025» өңірлік чемпионаты өтіп жатты. Аймақ басшысы жарысқа қатысушылармен пікірлесіп, сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы 2024 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Облыста 33 колледж бар, оның алтауы – аудандарда. Бесқарағай колледжі өз азық-түлігін өзі өндіріп отыр. Бұл – өзгелерге үлгі болатын тәжірибе. Колледждерге кезең-кезеңімен қолдау көрсетеміз, – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан бассейн құрылысының барысымен де танысты. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамырында басталған. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Нысан іске қосылғанда ауылдағы екі мектептің оқушылары су спортымен айналысуға мүмкіндік алады.
Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударып, мердігерлерге жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.