Облыс әкімі Бесқарағай ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданына барып, Баскөл ауылдық округіне қарасты Қарағайлы ауылындағы «BA Agro Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

2017 жылы құрылған бұл шаруашылық – өңірдегі ең ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Негізгі бағыты – дәнді және майлы дақылдар өсіру. Серіктестіктің жалпы жер көлемі 30 мың гектарды құрайды, оның 24 мың гектары – егістік6,5 мың гектары – жайылым. Биыл 17,3 мың гектарға егін егілсе, соның 4,2 мың гектарына бидай, 13,1 мың гектарына күнбағыс себілген.

Шаруашылықта 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік база 90-нан астам заманауи техникамен жабдықталған. Олардың қатарында МТЗ-82, К-700 тракторлары, «Бюллер 2375», «Акрос» комбайндары, егіс кешендері мен бүріккіш құралдар бар. Серіктестік жыл сайын техникаларды жаңартуға 500 миллион теңге көлемінде инвестиция салып отырады.

Өндірістік аумақта 10 ангармашина жөндеу шеберханасы, сондай-ақ «Мекмар» және «МУЗ16» астық кептіргіштері орналасқан. Шаруашылық мемлекеттік қолдау шараларын да белсенді пайдаланып келеді.

Аймақ басшысы егістік алқаптар мен техникалық база жұмысымен танысып, қоймаларды аралап көрді.

– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының тірегі. Бұл шаруашылық тек экономикалық емес, әлеуметтік жағынан да маңызды. Заманауи техникаларды қолдану, инновацияны енгізу – уақыт талабы. Әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі, – деді Берік Уәли.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай