Мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өседі

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы көтерілетінін мәлімдеді.

«Бүгін біз «Педагог мәртебесі туралы» заңның оң әсерінің куәсі болып отырмыз. Президенттің қолдауының арқасында мұғалімдердің жалақысы көтерілді және 2023 жылдың қаңтарынан бастап тағы 25 пайызға өседі», деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

«2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа қабылдау үшін аттестаттау енгізілді. Яғни, жұмысқа тұру үшін енді бір ғана диплом жеткіліксіз, пәніңіз бен әдістемеңіз бойынша тестілеуден өту қажет. 2023 жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарының кезеңділігі өзгереді. Қазір бұл бес жылда бір емес, үш жылда бір рет болады. Курстардың мазмұны да, сипаты да өзгеруде», деді ол.

Министрдің айтуынша, директорлардың кадрлық резерві жасақталуда. Білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасып жатыр. Білікті кадрларды дайындау және олардың біліктілігін арттыру үшін «Мұғалім» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі.

Egemen.kz

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай