МҰҒАЛІМ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

Халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз,”- деген.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Осындай жолы мен жөні бөлек  ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес,  сонымен қатар қуанышы да, досы да бола алады.  Солардың бірі бастауыш сынып мұғалімі –  К.Баймолдинова.

Ұстаздық еңбек жолын 1998 жылы осы мектеп қабырғасынан бастаған ол әрдайым өз ісіне деген сүйіспеншілігін көрсетіп, еңбекқорлығымен дараланады. Мектеп өміріне белсене қатысып, олимпиада, ғылыми жобаларға дайындаған оқушылары жүлделі орындарға  ие болды. Әріп танып, қолына қалам ұстап, тәлім мен тәрбие алған жүздеген шәкірттері қазіргі таңда бір-бір мамандық иелері атанған.

К.Баймолдинова: «Мұғалім мамандығы – даналық пен жан жастығын, шығармашылық пен зор энергияны, мейірімділік пен қаталдықты біріктіреді»,-дейді.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!

М.САДВОКАСОВ,

Кривинка орта мектебінің директоры

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай