«Мешіт – имандылықтың ұясы»
Ұлық та қасиетті жұма күні, яғни 1 сәуірде ШҚО Бесқарағай ауданы Глуховка ауылында жаңа мешіттің салтанатты ашылуы болды. Халықтың көптен күткен арманы орыдалды десек те болады. Мешіт – ұлы мәдениеттерге, адамгершілік пен ізгілікке, рухани құндылықтарды қасиеттей білуге тәрбиелейтін қасиетті орын. Мешіт қанша ғасыр тұрса, сол уақыт бойы сауап жазылып тұратынын ұғынған жұртшылық, қарапайым азаматтар мешіттің іргетасының қалынуына ат салысып қол ұшын созды. Ең бірінші ауыл халқы аса ұйымшылдықпен қаржы жинап берген болатын. Сондай-ақ Семей қаласының тұрғыны Самалов Дулат Мырзағажыұлы да демеуші болып, мешіттің салынуына кірпіш алып берді. Ауыл тұрғындары Оресбаев Абзал мен Жұмаділов Болат ағаларымыз кірпіштерді тасып беріп отырды. Осылайша мешіттің қабырғасының қалануына өз үлестерін қосты. Алла үйінің ашылуына жиналған ауыл тұрғындары Жаратқаннан нығмет тілеп, игі іске бастамашы болған, атсалысқан азаматтарға алғыс жаудырумен болды.
Салтанатты жиында ауылымыздың имамы Касымханов Қуаныш Адилкаривич құран оқыды. Ауданнан келген имам Сасенов Серікжан Аманұлы халықты құттықтап, сауапты іс жасағандарына алғысын білдіріп, мақтау қағазын табыстады. Мешіттің бой көтеруіне бас демеуші болған Қалиханов Марат, Токашев Оралбек, Рахимовтар әулеті, Арнур, Абдулсамат, Шаланов Төкен ағамыз балалары мен достарымен көмек қолын созды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей ата жолын жалғаған азаматтардың сауапты ісіне құрмет көрсетілді. Сонымен қатар Исагалиевтер әулетіне, «Глуховка орта мектебінің» оқушылары мен ауыл жастарына алғысымызды білдіреміз.
Салтанатты ашылу рәсімінде ауылымыздың бұрыңғы әкімі Тастенбеков Алмас Танибекович құттықтау сөз сөйледі. Осындай ізгі тілектерден кейін мешіттің ашылуына арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ауылымыздың жаңа әкімі Сабырбаев Айдос Бахтиярұлы кілем табыстады. Сонымен қатар, нұр үстіне нұр жаудырған Шалановтар әулеті фәләқ сүресі жазылған картинканы сыйға табыс етті. Ашылу рәсімінің ең жауапты әрі маңызды сәті мешіттің лентасын қию сәті қуаныштың шарықтаған белгісі болды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қазақтың жөн-жоралғысын көрсетті. Құрметті меймандар мешіттің ішін аралап шықты. Мешіттің ауданы 150 кв.м. Іші кең, әрі жарық. Шара соңында ауыл тойханасында арнайы ақ дастархан жайылып, құран қатым түсірілді. Рамазан айы осындай үлкен қуанышпен басталды.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі дініміз өркендеу жолына түсті. «Дін – қоғамның тәрбиесі және айнасы» деген қанатты сөз бар. Қазіргі таңда жаңадан ашылып жатқан мешіттердің саны жыл санап артып келеді. Имандылық ордасы саналатын мешіттердің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді. Ендеше осындай қасиетті орынға баратын иманды ұрпақтарымыз көп болсын деген тілек білдіремін!
«Глуховка орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Жұмағалиева Назымгүл Жұмағалиқызы