«Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге керек»,- деп көрегенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің болашағы – Қазақстан халықтарының бірлігі.
Еліміздімекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастықта, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді.
30 шілде Халықаралық достық күні. Достық күні түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері арасындағы өзара түсінушілікті нығайтуға бағытталған. Аудандық Достық үйінің этномәдени бірлестіктердің мүшелері бұл мерекені достық көңіл- күйде, дөңгелек үстел басында атап өтті.
Біз ортақ үйіміздің шаңырағы биік, керегесі берік болып, босағасынан ырыздық-дәулет кетпегенін қалаймыз. Оған Қазақстанда тұратын барша халықтың өзіндік үлес қосуымен бір-бір уық болып қадалғанын қолдаймыз. Кездесуге қатысушылар достық жайлы өз ойларымен, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Қатысушылар үшін «Көршіңнің бейнесін сал» атты сурет салу ойыны ұйымдастырылып, достыққа арналған мақал-мәтелдердің жалғасын табу кезінде тапқырлықтары сыналды. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Шара барысында өзге ұлт өкілдері дана Абай шығармаларын орындады. Кездесу соңында достық пейілмен бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Г.ОРАЗБЕКОВА,
Аудандық Достық үйінің музыкалық жетекшісі