МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Аудандық мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Бесқарағай ауданының 30 жылдағы мәдени жетістіктері» атты форум-концерті өтті.  Іс-шараға ұзақ  жылдар бойы мәдениет саласында еңбек еткен, өңірдің мәдениетін өркендетуге елеулі үлес қосқан өнер майталмандары қатысты.

Атап айтсақ, Бесқарағай әнұранының және көптеген танымал әндердің авторы, музыкант Қайлаш Нұрғазин,  өнерді өміріне серік еткен композитор және ақын Қайырғазы Дюсембаев,  жазушы, Мұқан Төлебаев атындағы колледждің оқытушысы, Беген ауылының халық театрының жетекшісі Болат Камзин, асқақ дайысы аймағымызға әйгілі еңбек ардагері Галина Баюн, поэтикалық шығармалардың авторы, ұзақ уақыт бойы «Космос» мәдениет үйінің жетекшісі болған Людмила Шахворостова, амузыкант, балалар өнер мектебінің мұғалімі Тәңірберген Тоқпаев; «Бесқарағайдың алтын дауысы» Виктор Бурдинский, мәдениет үйінің дарынды әншісі, ерекше дауыс иесі,  ақын Еркін Мотышев және ауылдық округтің әкімі Юрий Слоницкий, аудандық маслихаттың хатшысы Мейрамгүл Абылғазинова, ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назира Идрисова, сонымен бірге мәдениет үйінің әртістері қатысты.

Мерекелік кеш барысында  «Рухани жағыру» бағдарламасы аясында әзірленген «Өлкеtimes» жобасының инновациялық стендтері таныстырылды.

Сондай-ақ саланың дамуына серпін берген үздіктер марапатталды.

Бесқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Мейрамгүл Абылғазинова құттықтау сөз сөйлеп,  мәдениет қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда  жетістікке жете беруін тіледі. Сонымен бірге құрметті қонақтар мен Мәдениет үйінің директоры Майгүл Уалиеваға хаттарды салтанатты түрде алғыс табыс етті.

— Қарағайлы өлкенің мәдениетін дамытуға үлес қосқан тұлғалардың басқосуы  көңілімізге үлкен қуаныш сыйлады. Барлығымыз сахнада қалай өнер көрсеткенімізді жиі есіме аламын. Барлықтарыңызды мерекемен құттықтап, дендеріңізге саулық тілеймін. Өлкеміздің өнері  өркендеп, мәдени коды ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын,- деді Қайлаш Нұрғазин.

Келесі ретте сөз алған ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назира Идрисова бұл озық ойлы, шығармашыл, талантты жандардың кәсіби мерекесі екендігін атап өтіп, олар шығармашылық жетістіктерімен Қазақстанның атын дәріптеп, ұлттың өнегелі мәдениетін қалыптастыруға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  аясында рухани мұраны сақтауға үлес қосып жатқандығын тілгше тиек етіп, мәдениет майталмандарына, әртістерге алғыс хаттар табыстады.

Мәдениет үйінің әртістері жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараны аудан әнұранын орындап қорытындылады.

Ерболат РАХМЕТУЛИН

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай