Жуырда аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Рахметулиннің төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Отырысқа дербес бөлім басшылары, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, кеңес мүшелері қатысты.
Отырыста көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында қолға алынған шаралар, аудан аумағындағы тұрғын үй және жоспарланған объектілер құрылысының барысы, коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге тарифті бекіту, жұмыспен қамту және басқа да мәселелер қаралды.
Жетіжар ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Д.Шектыбаева су басу қауіпі бар аймақ құрамына енетін Жетіжар, Кривинка және Грачи ауылдарындағы су басудың алдын алуға бағытталған жұмыстармен таныстырды.
Тұрғын үй құрылысы жөнінде Бесқарағай аудандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Назаров баяндама жасады.
-2023 жылы Бесқарағай ауылындағы жеке құрылыс салушылардан жалпы сомасы 188,16 млн. теңгеге 2 бес пәтерлі және екі 1 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Жалпы ауданы 1176 шаршы метрді құрайды. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 7 шақырым аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеуге, жалпы сомасы 102 млн. теңге бөлінді,- деп атап өтті С.Назаров.
Қоғамдық кеңес отырысында өзге де мәселелер қаралып, кеңес мүшелері пікірлерін ортаға салып, қаулы қабылданды.
Өз тілшіміз