«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы мемлекет есебінен жаңа мамандық алуға немесе қайта оқуға әбден болады. Қайда оқу керек және қандай мамандарды таңдауға болады? Бұл туралы жұмыспен қамту орталықтарынан толығырақ біле аласыздар. Орталық жұмыссыздарға жолдама беріп, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.
Алғаш рет Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы жоғары колледжінің базасында жұмыссыздарға арналған «Ветеринариялық санитар» мамандығы бойынша кәсіби қысқа мерзімді курстар аяқталды. 25 адамнан тұратын топ курсты бітіргендігі туралы куәлік алды, оның ішінде 21 адам Бесқарағай ауданынан және 4 адам Бородулиха ауданынан.
Еске салайық, «Бесқарағай-вет» ветеринарлық қызметінде кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты жұмыссыздар арасынан 21 адам Бесқарағай ауданының жұмыспен қамту орталығы арқылы ветеринарлық санитар мамандығы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді.
Жуырда Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде «Ветеринариялық санитар» мамандығы бойынша сертификаттарды тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы жоғары колледжінің директоры Тоты Әбдікәрімова қатысушыларды қысқа мерзімді курсты сәтті аяқтауларымен құттықтап, қазіргі уақытта бұл мамандықтың сұранысқа ие екенін атап өтті.
— Қазір елімізде ауыл шаруашылығына және ветеринария саласына көп көңіл бөлінуде. Ұлт денсаулығы ветеринарияға байланысты деп бекер айтылмаған. Өйткені біз ауылшаруашылық өнімдерімен қоректенеміз. Мен біздің тыңдаушыларға әрі қарай да ізденіс, қызметтеріне табыс тілеймін. Ал біз болашақта Халықты жұмыспен қамту орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз деген үміттемін. Екі тараптың әлі ұзақ мерзімді жоспарлары бар,- деді Тоты Әбдікәрімова.
Курс оқушыларын Глуховка ауылдық округінің әкімі Алмас Тастенбеков те құттықтап, колледж әкімшілігіне, сондай -ақ Бесқарағай ауданының жұмыспен қамту орталығына алғысын білдірді.
— Ветеринария, әсіресе, біздің ауданда сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Қазір ауыл шаруашылығы жануарлары арасында әр түрлі аурулар көп екенін бәріміз білеміз. «Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері адамзатты емдейді». Мен барлық ветеринарларды курсты аяқтауларымен құттықтаймын. Курс барысында алған дағдыларыңыз бен білімдеріңізді қызметте кәдеге жаратасыздар деп сенемін,- деді Алмас Тастенбеков.
Бесқарағай ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Алуа Құрманғалиева, «Бесқарағай-вет» ветеринарлық қызметінің бас маманы Мұрат Нұржұманов, жұмыспен қамту орталығының маманы Әсел Қасымғожина да тілектерін білдірді.
Бесқарағай ауданы Канонерка ауылының тұрғыны Владимир Гольцман курстан алған әсерімен бөлісті.
— Үш айлық курс тез өтті. Мен барлық сабақтарға қызығушылықпен қатыстым. Біз кесте бойынша аптасына бір рет практикалық сабақтарға барып отырдық. Ауылда тұратындықтан қалған сабақтардың қашықтан жүргізілуі бәрімізге ыңғайлы болды. Тәжірибелік сабақтарда жануарларға ота жасалды. Оқытушылар барлығын анық түсіндіріп көрсетіп отырды. Ветеринария саласында жұмыс істеу оңай емес. Жануарлармен кез келген адам жұмыс істей алмайды. Сондықтан біз курстан алған барлық дағдылар мен білімді тәжірибеде қолданатын боламыз, — дейді Владимир Гольцман.
Бородулихин ауданы Березовка ауылының тұрғыны Вера Козлова жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Орталық мамандары ветеринарлық медбике курсынан өтуді ұсынған және ол еш ойланбастан келісіпті. Бұл сала оған бұрыннан қызықты болған екен, сонымен қатар ол жануарларды өте жақсы көреді.
— Мен ветеринарлық санитар мамандығы бойынша 3 айлық курсты бітірдім. Әсіресе, тәжірибелік сабақтар қызықты өтті. Біз оталарға, мысықты кастрациялауға, мысықтар мен иттерді зарарсыздандыруға қатыстық. Практикадағы ең қызық сабақ — итті зарарсыздандыру. Бір жарым сағатқа созылған ота өте қиын болды. Отаны екі дәрігер жасады. Зарарсыздандырудан кейін маған ит тігу операциясына қатысуға мүмкіндік берілді, — деді Вера Козлова.
Іс -шара соңында барлық қатысушылар естелік суреттерге түсті.
Ж.ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ