Абай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірдегі білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты. Сапар барысында маңызды жобалардың бірі – Бесқарағай ауданындағы Шипалы көл аумағында 300 орындық балалар лагерін салу бастамасы ұсынылып, жазғы лагерь салу жобасы таныстырылды.
Аталған жобаны Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы мен Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Тұрсынқанұлы таныстырып, лагерьдің орналасатын аумағы мен оның әлеуеті туралы кеңінен баяндады.
Табиғаттың ерекше тартуы саналатын Шипалы көл (жергілікті тұрғындар арасында Шошқалы көл деп те аталады) – Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігінде, аудан орталығынан 85 шақырым жерде орналасқан. Бұл көл «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына кіреді. Емдік қасиеті бар суы мен балшығы арқылы көпшілікке танымал болған көл – табиғи туризм мен демалыс үшін таптырмас орын.
300 орындық лагерь салу жобасы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ өңірдегі экологиялық және сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған. Жобаны іске асыру арқылы жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындары құрылып, балалар мен жасөспірімдер үшін пайдалы демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік тумақ.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жобаның маңыздылығын атап өтіп:
«Балалардың демалысын, денсаулығын нығайтуды табиғатпен үйлестіру – тәрбиелік маңызы зор бағыт. Осындай лагерьлердің болуы – уақыт талабы. Бұл жобаның жүзеге асырылуы тиісті деңгейде қарастырылатын болады», — деді.
Е.РАХМЕТУЛИН,
«Біздің Бесқарағай»