«Тазалық – денсаулық кепілі». Қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері мол. Бесқарағай ауданында экологиялық тазалыққа ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде Бесқарағай ауданының жастар ресурстық орталығы Беген ауылдық округінің аумағындағы Шошқалы көлінің жағасында «Бесқарағай өңірінің інжу-маржанын сақта!» экологиялық акциясын ұйымдастырады.
Ағымдағы жылы экологиялық акцияны Бесқарағай өңірінің «Мейірімді жүрек» еріктілер тобы мен «Салауат» қоғамдық бірлестігінің ШҚО бойынша өкілдері жүргізді.
Көл аумағындағы тазалық алдымен демалушыларға тікелей байланысты. Сондықтан акцияны ұйымдастырушылар қоқыс контейнерлерін орнатып, демалушыларды да қоқыс жинауға үндеді. Демалушылар игі шараға белсенді қатысып, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
— «Шошқалы» көлі – біздің ауданымыздың ғана емес, көршілес аудандардан, қалалардан, елдерден келген қонақтардың сүйікті жазғы демалыс орындарының бірі. Сондықтан біз осы теңдесіз табиғи байлықты көзіміздің қрашығындай сақтап, аялауымыз керек. Демалыстан соң артымызды жинап, табиғатқа зиянды зат қалдырмайық, — дейді ерікті жастар.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ