Ендігі үмітті екпеден күтетін қазақстандықтар ақпан айынан бастап ресейлік Спутник V вакцинасын алып жатыр. Сәрсенбі күнгі мәлімет бойынша елімізде 766 614 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін салдырған. Екінші компонентті салдырғандар саны – 126 550. Қарағайлы өлкенің тұрғындары 15 наурыздан бастап вакцина ала бастады.
-Қолданылып жатқан «Гам- КОВИД — Вак» (Спутник V) вакцинасы — бұл коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған әлемдегі алғашқы вакцина. Вакцина тиімділігі мен қауіпсіздігі турасында клиникаға дейінгі сынақтардың барлық кезеңдерінен өтті. Профилактикалық вакцинацияға қарсы көрсеткіштері жоқ адамдарға екпе алу рұқсат етіледі. Вакцинация алдында міндетті түрде дәрігердің тексеруі жүргізіледі,- деді аудандық аурухана Бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Құрманғалиева.
Гүлжан Амангелдіқызының айтуынша, вакцинация уақыты бір сағаттан аспайды. Дәрігердің тексеруі 10 минут, препаратты дайындауға шамамен 10 минут кетеді екен. Вакцина бір ампулада 5 дозадан мұздатылған күйде сақталады. Ол дәрігердің қарауынан өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ 5 науқасқа салынады. Екпе алған жандар арнайы хабдықталған бөлмеде 30 минутқа дейін ақ халаттылардың бақылауында болады. Сонымен қоса үш күн бойы учаскелік дәрігерлер хабарласып, жай-күйін біліп отырады екен.
Бесқарағай ауданы бойынша екпе егу пункттеріне тоқталсақ, Бесқарағай ауылында Пушкина 2 а мекенжайы бойынша және Пушкина 6 мекенжайы бойынша екі пункт орналасса, Канонерка, Қарабас, Ерназар, Глуховка ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларында да бар. Алдағы уақытта басқа ауылдардың дәрігерлік амбулаторияларынан екпе егу пунктін ашу жоспарланып отыр.
— Алғашқы кезеңде 15 наурызда медицина қызметкерлеріне ШҚО денсаулық сақтау басқармасынан «Гам-КОВИД-Вак» коронавирустық инфекциясына қарсы 175 доза жеткізілді. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып Бас дәрігер Е.О.Санқайбаев бастаған Бесқарағай аудандық ауруханасының медициналық қызметкерлері алды.
Бүгінгі күні медицина қызметкерлеріне вакцинацияның 2 компонентін егу аяқталды, вакцинацияланған барлық адамдар өздерін жақсы сезінеді, екпенің жағымсыз әсері байқалмады. Мед қызметкерлердің арасында екпеге қарсы көрсеткіштері бар тұлғалар да болды.
Ағымдағы жылдың 10 сәуірінен 12 сәуіріне дейін екінші кезеңнің бірінші компонентін егу басталды. Екінші компонетті 1-3 мамыр аралығында егу жоспарланып отыр,- деді,- Гүлжан Құрманғалиева.
Аудандық аурухана Бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарының пікіріне сүйенсек, екінші лекпен жеткізілген 80 дозаның 20-сы мемлекеттік қызметкерлерге, 22-сі тәртіп сақшыларына, 38-і педагогтарға салынған.
Ел үміт артып отырған екпенің үшінші кезеңі 14 сәуірде басталыпты. Бұл кезеңге
590 доза әкеліген. Үшінші кезеңнің бірінші компонентін мемлекеттік қызметкерлер, созылмалы аурулары бар адамдар, медициналық қызметкерлер, педагогтар және ниет білдірген аудан тұрғындары алды. Екінші компонентін вакциналау 5-11 мамыр аралығында өтеді.
-Вакцина — бұл пандемияны жеңудің жалғыз сенімді құралы. Барлық вакцинация шығындары мемлекет қаржысынан өтеледі. Қарсы көрсетілімдері жоқ ауданымыздың тұрғындары вакцинация бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, жұқпалы аурулар мен олар тудыратын асқынуларды болдырмас үшін вакцина алынады деп сенеміз.
Бесқарағай аудандық ауруханасының медицина қызметкерлері аудан тұрғындары арасында екпе бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, сонымен бірге, денсаулық сақтау басқармасына вакцинаға сұранс беру мөлшерін анықтау мақстаында екпе алуға ниеттілер есебін жүргізеді. Қабылданған барлық вакцинация шаралары коронавирустың және маусымдық аурулардың жаңа толқынымен күресуге көмектесетініне сенімдіміз. Біз үшін әрбір бесқарағайлықтың денсаулығын сақтау маңызды,- деді Г.Құрманғалиева.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ