Кешенді даму жоспарына сәйкес, Семейде Конгресс-холл және мұз модулі пайда болады. Сонымен қатар, көпфункционалды орталықтың құрылысы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-конференция барысында Абай облысының құрылыс басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков атап өтті.
— Облыста мемлекет басшысының тапсырмасымен кешенді даму жоспары бекітілді. Алдағы уақытта жоспар бойынша Конгресс-холл және мұз модулі бой көтеретін болады. Бүгінгі таңда құрылыс басқармасы тиісті жобаларды әзірлеу үстінде. Конгресс холл тұрғын үй массивтерін салу жоспарланған Заря ауданында орналасады. Ауқымды жобалар жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаражат қажет. Сараптама алғаннан кейін біз қаражат мәселесі бойынша бюджетке өтінім береміз. Егер өтінім мақұлданған жағдайда жобаларды іске асыруға кірісеміз. Кешенді даму жоспарында көзделген барлық нысандардың жоғары сапа деңгейі мен нормаларға сәйкес орындалуы қадағаланатын болады, — деді өңіріміздің бас құрылысшысы.
Айдын Бегімбетов көпфункционалды орталықтың (оқушылар сарайы) ауданында көлік трафигін ұйымдастыру мәселесіне де тоқталды. Баяндаушының сөзінше, аталған нысанның айналасындағы көлік қозғалысын жоспарлау Абай облысы полиция департаментімен бірлесе отырып жасалған. Осылайша қос мемлекеттік мекемелердің келісуімен аталған аймақтағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету барынша ыңғайлы етіп ойластырылған.
— Көпфункционалды орталықтың құрылысы бойынша – біз оны шеңбердің дәл ортасында, мешіттің жанында орналастырдық. Біз жерді таңдаған кезде қозғалысты тиімді ұйымдастыру және кептелістердің алдын алу мәселесі туындады. Сондықтан осы мәселені полиция департаментімен талқыға салдық, бүгінде жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Көліктердің кіріп-шығуы ыңғайлы әрі қауіпсіз болады. Ал жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін үш жаяу көпір салынады. Көліктердің қақтығысының алдын алу мақсатында қозғалыс біржақты тәртіппен ұйымдастырылмақ, — деп толықтырды Айдын Бегімбеков.