Аймақтық форум
Облыс орталығы Семейде «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» тақырыбында аймақтық ақсақалдар форумы өтті. Аталған шараға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев және өңір имамдары мен Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының ақсақалдары қатысты.
Алқалы басқосу Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, кейін ҚМДБ-ның жыл басынан бері атқарған жұмыстары бейнеролик арқылы баяндалды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы қарияларымыздың қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі туралы айта келе, форум жұмысына табыс тіледі.
— Қазақ халқы қашанда ақсақалға үлкен құрметпен қараған. Қазынаға балап, бата сұраған. Құрмет көрсетіп, төрін берген. Біз, әрдайым, сіздерді мақтан етеміз! Ақыл айтып, жол көрсету – келешектің қамы. Жастарымыз қарияны құрметтеп, аманатты ақтауға міндетті. Бізге дәстүрді сақтайтын, аталы сөзге тоқтайтын, баталы іске жұмылатын жастар керек! Ұрпағымыз Ұлы Абайдың өсиет сөзін қасиетіне балап өссе, келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болады. Ол үшін жастарға сапалы біліммен қоса, саналы тәрбие берудің маңызы ерекше. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзінің терең мәніне қайран қаласың… Шынымен, тәрбие тал бесіктен басталса, балаларымыз шежіре тарихты бойына сіңіріп, ерлік, өрлік рухта өссе, ұрпағымыздың өмір бәйгесіндегі алар орны төр болады. Үлкендердің батасымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болып, балаларымыз бақытты ғұмыр кешсін! — деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы өз баяндамасында ұлттың ұлт ретінде сақталуы, бала тәрбиесіндегі бабалар жолы, жас ұрпаққа аға буынның көрсетер ұлағаты жайлы айтып өтті.
— Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Демек, даналық жаспен өлшенбейді, көрген-білген, түйгенмен өлшенеді. Ал сіздердің көрген-түйгендеріңіз бүгінгі ұрпаққа жылдар бойы азық болары сөзсіз.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген адам», – деген екен. Хакім Абай да: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан»,- дейді. Сондықтан әрбір жас «Қазақстан» атты алып ғимаратқа бір кірпіш болып қаланып, сол орында өз міндетін ұқыпты, мұқият, тиянақты, адал атқаруы тиіс. Біз қазақ халқында ежелден қалыптасқан аталар институтын қайта жаңғыртуымыз қажет деп білемін. Бұл институт қазіргі қалыптасып келе жатқан Жаңа Қазақстанды көтеру тұрғысынан пайдалы болады деп сенеміз,- деді бас мүфти.
Наурызбай қажы өмір мектебінің сан түрлі сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет екенін атап өтті. Қазақ болмысынан бір сөзбен ердің құнын кешірген, қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған халық екенін айтты.
— Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты, ел азаматтарының басым көпшілігінің қолдауымен Ата Заңымызға өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттілігіміздің тұғырнамасы түбегейлі өзгереді. Сондықтан сіздерді ел мүддесі үшін бірігіп қызмет етуге шақырамын. Бүгінгі алқалы жиын да елімізді, елдігімізді дамыту жолындағы істерге серпін береді деп білемін. Әрдайым бірлігіміз бекем болып, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетуді нәсіп етсін,- деді бас мүфти.
Әлібек КЕМЕЛХАН