Қайтарымсыз грантты кімдер ала алады?

Дүйсенбі, 10 қазан күні Бесқарағай ауылдық округінде халықты жұмыспен қамту орталығының директоры А.Құрманғалиева көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алушыларымен өтеусіз гранттар алуды түсіндіру бойынша кездесу өткізді.

Сәуір айынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына да өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 500 мың теңгеден 1 225 200 теңгеге өсті.

— Айта кету керек, бұған дейін мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады.

Сонымен қатар, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту органдарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар немесе мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер немесе жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтар қатарынан болуы тиіс,- деп түсіндіріп өтті А.Құрманғалиева. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға және акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейтінін айта кеткен жөн.

Кездесу барысында көп балалы аналар мен АӘК алушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Ж.Төлегенқызы

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай