Берекесі мен бірлігі жарасқан Бесқарағай ауданында да халықаралық қарттар күні атаусыз қалмады. 2 қазан күні Бесқарағай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен этномәдени орталық мүшелері Абай театрына барып қайтса, өңір қарттарына мерекеге орай сыйлықтар табысталды.
Қазақстандағы этникалық немістерді қолдау бағдарламасы аясында неміс ұлтының азаматтарына жыл сайын әлеуметтік-гуманитарлық көмек көрсетіледі. Бұл орайда бесқарағайлық тұрғындар да назардан тыс қалмады. Мереке қарсаңында неміс ұлтының өкілдеріне азық-түлік пакеттері таратылды. Өз кезегінде тұрғындар көрсетілген гуманитарлық көмекке ризашылықтарын білдірді.
Ал 2 қазан күні Бесқарағай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен этномәдени орталық мүшелері Семей қаласындағы Абай театрына барып қайтты. Бұл күндері Абай театрына гастрольдік сапармен Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры келіп жатқан болатын. Ауданымыздың этномәдени орталық мүшелері «Шәмші» спектаклін тамашалап, театрдың ерекше атмосферасын сезініп, керемет әсер алып қайтты. Достық үйінің белсенді қарттары естен кепес сапар үшін жастарға алғысын жаудырып, баталарын берді.
Аудандық Достық үйінің қызметкерлері аға буын өкілдеріне әрдайым ерекше қамқорлық көрсетеді. Қарттар — отансүйгіштіктің, адалдықтың, сабырлылық пен оптимизмнің қайнар көзі, дәріптеушісі. Олар халық даналығы мен салт-дәстүрді сақтаушы. Осы бір жарқын мерекеде Достық үйінің ұжымы және аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Р.Қисамиева Бесқарағай ауданының тұрғындары М.Айтқалиева мен Н. Колбинаны құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбітшілік тіледі. Әлемді мейірім бен махаббат құтқарады.
И.ҚАЛТАЕВА,
«Бесқарағай ауданының Достық үйі» КММ директоры