Риддерде орын алған өрт оқиғасына байланысты облыс көлемінде «Риддер, біз біргеміз!» ұранымен қайырымдылық акциясы басталған болатын. Аталмыш шараға қарағайлы өлке тұрғындары да үлес қосты.
Бесқарағай ауданының ұйымдары мен мекемелерінің қызметкерлері, кәсіпкерлері Риддер қаласының Лесхоз ауылының тұрғындарына бір күндік жалақыларын аударды. Бесқарағай тұрғындары 1 миллион теңгеге жуық қаржыны «Бірлік » Риддер кәсіпкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің шотына салды.
Сонымен қатар, аудан еріктілері #БесқарағайРиддерменБірге акциясын ұйымдастырды. Акция шеңберінде 10 гуманитарлық көмек қабылдау пункті базасында 650 келі бидай ұны, 250 келі макарон өнімдері, 92 келі жарма, 52 пакет шай, 152 келі қант, 17 келі тұз, 103 литр күнбағыс майы, 1,5 тонна қырыққабат, қоюландырылған сүт, консервілер, томат пастасы, сүт, сары май, тәттілер, сонымен қатар шаруашылық заттар, киім, аяқ киім, көрпе-жастық және тағы басқа тұрмысқа қажет заттар жиналды.
Бесқарағай ауданынан шыққан автокеруен Риддер қаласына барып, қарағайлы өлкенің қамқорлығын байқатты.
Ерболат РАХМЕТУЛИН