Аудандық Жастар ресурстық орталығы орталық саябақта гүл егу жұмыстарын жүргізіп, әсем гүлдермен әрлеп, алаңның сәніне сән қосты. Осылайша жастар «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» атты акциясын қолдап, ауыл келбетін арттырды. Бұл – тек әдемілік үшін емес, ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған шара.
Акция аясында жастар жалпы саны 6000 болатын шырайгүл және 3000-ға жуық барқыт гүлдерін отырғызды.
Шырайгүл – жылу және жарық сүйгіш өсімдік. Оларды қылтималарда, террасаларда, жол жағалауында немесе сабақтарда өсіруге пайдаланады екен. Шырайгүл күтім талғамайды және ұзақ гүлдеп тұрады.
Ал барқытгүл – біржылдық гүлдердің ішіндегі ең ұзақ, көктемнен алғашқы суыққа дейін гүлдейтін өсімдік. Барқытгүлдің кез келген түрі тіке түскен күн көзін ұнатады. Суға өте шыдамды, дегенмен, жақсы гүлдеу үшін аптасына 2-3 дүркін суғарған дұрыс. Бұл гүлдің ерекшелігі қар түскенге дейін гүлдеп тұратындығында.
Күтімді талап ететін гүлдер арнайы нормаға сай қашықтықта, түрлі дизайнда отырғызылды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау аясында гүлдер «отыз» саны бойынша егілді.Түрлі-түсті гүлшанағы бар барқыт пен шырайгүлдер әсем саябақтың көркіне көрік қосып, хош иіс беріп, серуендеушілердің көзайымына айналатынына сенімдіміз.