Шұғылалы көктемнің мерекесі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Бесқарағай аудандық Достық үйінде көпбалалы аналарға, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға құрмет көрсетілді. Отбасының ұйытқысы болған, отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналатын нәзік жандыларға, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес, әрине.
Қарағайлы өлкеде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілген кеште аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Баталов нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
— Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Ананың мейірімі, жардың сүйіспеншілігі, арудың назы, қарындастың еркелігі – өмірдің мәні мен сәнін арттыратын ғажайып күш!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Сіздер отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады»,- деді. Біз анасын ардақтап, аруын аялай алатын, қарындасын қорғаштап, қыздарын қадірлей білетін халықпыз. Дәуірлер өтіп, заман жаңарса да, біздің әйелдер қауымына деген құрметіміз өзгермек емес,- деп әрбір шаңыраққа шаттық, отбасыларға зор денсаулық тіледі.
Ақжарма тілектер айтылған соң аудан өміріне белсене араласқан, Бесқарағайдың абыройын арттыруға атсалысқан жандар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертпен сабақтасып, тақырыпқа сай тағлымды әндер шырқалды. Кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шараға қатысқан көпбалалы аналар, қызметте жетістікке жетіп жүрген нәзік жандылар, әртүрлі саланы бағындырған арулар ұйымдастырушыларға алғыс айтты әрі елімізде татулық пен тынытық салтанат құруын тіледі.
Сонымен бірге жігерлі жастар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «30 игі іс» ұранымен «Қайырымдылық істер марафонын» ұйымдастырды. Жоба аясында «Анаға құрмет» акциясы өткізілді. Акция шеңберінде жастар нәзік жандыларға гүл шоқтарын сыйлады. Сондай-ақ Қоянбай ауылында «Мейірімді жүрек» еріктілер тобының мүелері ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетіп, гүл шоғы мен естелік сыйлық табыстады.