Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қолдауымен республика бойынша «Үздік ауыл әкімі» байқауы өткізілуде.
Аталған конкурстың мақсаты жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елдімекендердің дамуына елеулі үлес қосатын үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу болып табылады.
Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша өңірлік комиссия Абай облысынан ең үздік ауыл әкімі ретінде Аягөз ауданы Малкелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Исахановты таныды. Малкелді ауылдық округіне 2020 жылдың қаңтарынан бастап әкім болып тағайындалған Мақсат Ғылымбекұлы Республикалық деңгейде Абай облысының намысын қорғамақ.
М. Исаханов 1988 жылы бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Үйленген, төрт баланың әкесі.
Еңбек жолын Аягөз қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы болып бастаған. Мемлекеттік қызметте Малкелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманынан (2017 жылдан) бастап, 2013-2015 жылдар аралығында әкім аппаратында іс жүргізуші лауазымын атқарды.
Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ұлттық жаңғыру кезеңіне өтуі жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде іске асырылуда.
«ББ»-ақпарат