1-2 қазан күндері Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында ШҚО және Абай облысы шаруаларының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Бесқарағай ауданынан Глуховка ауылдық округінің ауыл шаруашылық тауар өндірушілері де қатысып, экологиялық таза өнімдерін ұсынды.
«Александра», «Лана-2», «Балке», «Семей», «Стелла» және «Зеленое поле» шаруа қожалықтары елордалықтарға 20 тоннаға жуық картоп пен көкөніс өнімдерін саудалады. Барлық тауар өндірушілерде өнімнің шығу тегі мен тиісті сапасын растайтын құжаттар болды.
Жалпы жәрмеңкеге 282 тоннаны құрайтын 70-тен астам өнім түрлері қойылды. Астаналықтар бал, күнбағыс пен сары май, балық, ет өнімдерін көптеп сатып алды.
— Жыл сайын Шығыс Қазақстаннан жәрмеңкенің келуін асыға күтеміз. Бұл аймақтың өнімдері әрқашан жоғары сапалы. Бағасы да, дәмі де ерекше,– дейді елорда тұрғыны Мархабат Қоңырбаева.
«ББ»-ақпарат