ЕЛОРДА – ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЛІГІ 

Әр елдің астанасы — мемлекеттің алтын бесігі болып табылады. Өйткені, ол мемлекеттің бет-бейнесі, оның жүрегі. Ерке Есілдің жағасында болашақ мыңжылдықтарға батыл қадам басқан жаңа қала бой көтеріп,  күннен күнге құлпырып, қанатын кең жайып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген тәуелсіз еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан бүгінде төрткүл дүниеге танымал әлем астаналарының қатарынан ойып орын алып отыр,  күннен-күнге қарыштап дамып келеді.

Нұр-Сұлтан – күллі қазақстандықтың мақ­танышы, егемендігіміздің келбеті мен ай­ғағы. Сондықтан, еліміздің жар­қын бола­шағы елордадан бастау алады.

Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында мәдениет пен әдебиеттің, өнер мен руханияттың да мәртебелі тұғырына айналып отыр. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жалғасы болып келеді.

Қазақстанның елордасы  Нұр –Сұлтандағы  отандық білім беру ордалары – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлерді тартып отырған  орталыққа айналған.

Көз тоймас  ғимараттарына келетін болсақ, «Бәйтерек» кешені елорданың басты символы және бойтұмары болып табылады.  «Бейбітшілік және келісім» сарайы, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр», океанариум – «Думан» орталығы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборы, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборы, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық және тағы көптеген  мәдени демалыс орындары елорда қонақтары тамашалап, демалатын орындар.

Әлемге өзін мойндатып, күн сайын құлпырып келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының болашағы зор.  Астанамыз Нұр — Сұлтан — халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры, тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі. Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі  Нұр — Сұлтан асқақтай берсін!

Ж.АЛПЫСПАЕВА,

Аудандық кітапхана директоры

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай