Достықтың мекені Долон

Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек, сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны ауыл екені бесенеден белгілі. Халықтың игі мәдени дәстүрлері: ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық, барлық үлгі-өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, қателеспейміз. Бірлігі мен берекесі жарасқан, әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Долон ауылы достықтың мекені іспетті. Ерке Ертістің оң жағалауында көркем табиғаты көз тартатын ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуы жыл санап артып отыр. 

Елімізде тарихи сананы қалыптастыруға, Қазақстан халқының мемлекеттілігі мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға ерекше мән беріледі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың . Рухани құндылықтарды жаңғыртуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басым бағыттарын жүзеге асыруға Долон ауылдық округі үлес қосып жатыр.

КӘСІПКЕРЛІК

Ауылды көркейту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту ел экономикасын дамытудың бірден-бір жолы бомақ. Осы ретте ауыл шаруашылығын аяғынан тік тұрғызуға айтарлықтай жұмыстар жасалды. Мемлекет ауыл кәсіпкерлерін, жеке кәсіпкерлерді қолдауға көңіл бөлуде.

Долон ауылдық округі аумағында өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік саласында серпін бар. Мостик ауылында тағы бір 1 сауда нүктесі ашылып, жалпы 6 сауда нүктесі жұмыс істепе тұр. Сондай-ақ Долон ауылында музыкалық аспаптар (домбыра) шығаратын шеберхана жұмыс істейді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында жеке кәсіпкерлермен меморандумдар жасалды, дүкендерде әлеуметтік бұрыштар ашылды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жүргізілуде.

Округ аумағында екі ЖШС тіркелді, оның ішінде «Электрум ГРК» ЖШС белсенді. 2021 жылдың 3 айында қайта жаңартуға (күрделі жөндеуге) арналған негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 миллион теңгені құрады. «Семей Орда» ЖШС әктас өндіруге арналған карьер ашуды жоспарлап отыр. «Казникель» ЖШС Горностаевское силикат кобальт-никель кендерінің кен орнындары барлау кезеңінде, тәжірибелік өндіріс жүріп жатыр.Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы «Еңбек» ауыл тұрғындарының шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылуын арттыруға бағытталған. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы, аудан ауылдарындағы кәсіпкерлердің іскерлік бастамаларын кеңейтуге үлес қосты, жұмыс орындарының өсуіне және ауылдық жерлерде жұмыс күшіне сұранысты ынталандырды. Долон ауылдық округінде бірқатар бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. «Ақ-Бұлақ» бағдарламасы аясында былтыр Долон ауылына су құбыры тартылды, Черемушка ауылына сумен жабдықтауға арналған блок-модуль орнатылды.

 

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету — бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» — деп атап өткен. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына ерекше назар аударылады. Шынында да, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы — мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. 2021 жылдың 3 айында «Долон ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне «Электрондық лицензиялау» e-gov порталы арқылы 5 өтініш келіп түсті. Бұл өтініштер жер қатынастары бөліміне комиссияның қарауына жіберілді. Әкімдік ғимаратында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп ережелері), азаматтарды қабылдау кестесі орналасқан.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауылшаруашылығы материалдық өндірістің ең мағызды түрлерінің бірі. Оның екі үлкен саласы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы ел экономикасының ең негізгі бөліктерінің бірі болып табылады. Бұл салада жақсы нәтижеге жету біріншіден, табиғат жағдайларына байланысты болса, екіншіден іс тетігін білетін адамдардың жұмысты дұрыс ұйымдастыруының арқасында деп білуге болады.

Ауылдың жағдайын ауылда тұрып, өсіп өнген жандар түсінеді. Ауылдағы шаруашылықтың өркендеуі онда тұратын адамдардың қажырлы еңбегінің, өнімді еңбегінің нәтижесінде болмақ. Жыл өткен сайын округте мал басы көбейіп, жұмыссыздық азайып, ауыл халқының әл-ауқаты өсе түсті.

Есепті кезең ішінде ауылдық округ бойынша 2021 жылдың 1 тоқсанында келесі нәтижелерге қол жеткізілді: 4488 цн ет немесе 102 %, 11025 цн сүт немесе 105 %, 35570 дана жұмыртқа немесе 105,4 % өндірілді.

Тәуелсіздік жылдарында округ аумағында 74 шаруа және фермер қожалықтары құрылып, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды. Долон және Бөдене ауылдарында екі мал сою алаңы жұмыс істейді. Округте 19 шаруа қожалығы, 2 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі тұқымдық түрлендіруге қатысады. Ет өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында бүгінгі күні шаруа қожалықтарымен 12 бас бұқа сатып алынды.

Округтің үш шаруа қожалығы Бесқарағай аудандық жұмыспен қамту орталығынан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на мал шаруашылығын кеңейту үшін несие ресімдеуге жолдама алды. «Рахим» ШҚ  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылқы өсіруге 30 млн.теңге несие алды.  Ауыл шаруашылық құрылымдары мен округ тұрғындары қысқы кезеңде жеткізілген жоспарға сәйкес 12000 тонна шөп дайындаумен мал басын жоғалтпай, сәтті өтті.

Округте көктемгі-күзгі кезеңде жануарларды егу бойынша ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар уақытында жүргізіліп келеді. Жыл сайын ауылдық жиындарда мал жаю орны анықталып, әр табынға келісім-шарттар жасалады, олар әр табынның жаю шекарасын қадағалайды.

2021 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы – 185,8 га, оның ішінде: көкөніс — 26,0 га, картоп – 38,8 га, бақша – 8 га, біржылдық және көпжылдық шөптер —  113  га.      Алқаптарды цифрлау жоспар бойынша 71,0 га, 80% орындалды (56,8 га).

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Үкімет ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендердегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағдарламалар қабылдады. Түгін тартса майы шығатын құнарлы жерде тұрып, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын бүгінде ауылдың әр тұрғыны жақсы түсінеді. Ауылдағы ағайынның тұрмысы келісіп, шаруасы шалқып отырғаны қаладағы әр адамның көңіліне демеу болары анық. Сондықтан ауылдың әлеуметтік мәселелеріне жете көңіл бөлу, сол жерде басшылық қызметте отырған әкімдіктің нәтижелі жұмыстарына тікелей байланысты.Округ бойынша 329 зейнеткер, 66 мүгедек бар. 9 жалғыз тұратын зейнеткер әлеуметтік көмек алады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында шартсыз ақшалай жәрдемақыны бір отбасы алды, онда 3 бала 235,6 мың теңге сомасында, шартты ақшалай жәрдемақыны 2 отбасы алды, онда 11 адамға 251,6 мың теңге сомасында көмек көрсетілді.      

Халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу жолға қойылған. Еңбекке жарамды халықтың саны 637 адамды құрайды, жұмыспен қамтылғандар — 492, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 145 адам, жұмыссыз ретінде тіркелгендер – 17 адам. 2021 жылдың алғашқы тоқсанында 4 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 17 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.Ақпан айында «кондитер» мамандығы бойынша — 2 адам сертификат алды, 1 адам — Бөденелі орта мектебінде мамандығы бойынша жұмыс істей бастады.

 

БІЛІМ

Долон ауылдық округінде үш орта мектеп бар. Онда 213 оқушы оқиды, оның ішінде мектеп алды даярлық сыныптарында — 26 бала, шағын орталықта — 21 бала. Мектеп ұжымдарында 57 мұғалім білім береді. Үш жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша округте оң динамика байқалуда. 2020 жылы мектеп түлектерінің білім нәтижесі – 95,5 ұпайды  көрсетті. 2019 жылмен салыстырғанда 18 балға өсті.

Мостик және Долон ауылдарында 15 балаға арналған толық күндік шағын орталықтар ашылып, 8 адам жұмыспен қамтылды.

Тәрбие жүйесінің мақсаты – жасампаз еңбек қызметіне дайын, еркін, шығармашылық дамыған, әлеуметтік бағдарланған тұлғаны тәрбиелеу. Осы кезеңде 3 жалпы мектептік жиналыс, жоспарланған тақырыптар бойынша сынып сағаттары өткізілді. Сынып жетекшілері бірнеше рет әңгімелер, жол қозғалысы ережелері бойынша конкурстар өткізді. Біздің оқушылар әртүрлі олимпиадаларға белсенді қатысады. Аудандық олимпиадада 11 сынып оқушысы В.Кабаков қазақстан тарихы пәні бойынша 1 орын алса, география пәнінен  11 сынып оқушысы Е. Бектасов 3 орынды иеленді. Сонымен қатар А. Шамамбай, Г.Нуркенева, А.Архипова, В.Кузнецова, А.Бейсенгалиева, А.Қылышпек, С.Трухина олимпиадалар мен конкурстарға қатысты. Пандемияға қарамастан, «Рухани жаңғыру» жобасын іске асыру аясында, сондай — ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу құрметіне орайластырылып, Наурыз мерекесіне, Алғыс айту күніне арналған шаралар, әртүрлі игі марафондар өткізілді.

 

Ауыл экономикасының тұрақты дамуы үшін атқарылмақ істердің ауқымы көп. Ауылдың өркендеуі – әр тұрғынның көңіліндегі мақсаты, арманы. Ауылға өзгеріс әкелетін кез келген жаңалық ондағы халықты бей жай қалдырмасы анық. Уақыт жылдамдығына ілесіп, дамып келе жатқан даласы дархан Долон ауылдық округі округ әкімі Кенжеғали Ипановтың басшылығымен, бірлігі бекем, еңбексүйер халықтың қолдауымен әлі талай белесті бағындыртындығы сөзсіз.

 

 

Бетті әзірлеген Ерболат РАХМЕТУЛИН

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай