ДАРЫНДЫ ҰРПАҚ – ЕЛ ЕРТЕҢІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы.  Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті»,- деген болатын. Бұл орайда қарағайлы өлкедегі мектептер білімді, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісіне жіті мән береді. Еліміздің ертеңгі іргесі берік те мықты болуы үшін жастарымыз сапалы білім алып,  білікті маман ретінде тәрбиеленуі керек деген ұранды ұстанған білім ошақтарының бірі — Башкөл орта мектебі.

Башкөл орта мектебінің дарынды және білімді оқушылары жыл сайын көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, ұжым абыройын асқақтатып келеді. Оқушылардың ғылыми-шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру, ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда жаңа серпілістер байқалады.

Ағымдағы оқу жылында облыстық  ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы 4-13 қараша аралығында 1-7 сынып оқушылары арасында ұйымдастырған «Зерде» республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының аудандық кезеңіне қатысып, Алишер Хауменов І орынға ие болды. Жетекшісі орыс тілі пәнінің мұғалімі Алия Букеева. Ал Қазақстан тарихы пәнінен аудандық кезеңінде Олжас Қабдылхан І орыннан, облыстық кезеңде ІІІ орыннан көрінді. Жетекшісі Мария Ахметжанова.

Білім додасының бірі – олимпиада. Жыл сайын пәндік олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңінде мектеп шәкірттері жүлделі орындармен оралады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысып, тарих пәнінен Зере Калишова (М.Ахметжанова) ІІ орын алса,  орыс тілі және әдебиет пәнінен Ернур Турдашев (Букеева А.К.) ІІІ орынды қанжығасына байлады. Химия пәнінен ІІІ орын  алған Аружан Мухтарханова да өз жетістігімен мектепбеделін арттырды.

8-9 сынып оқушылары қатысқан «Айқанат» байқауында Аңсар Махемат, Данеля Жасұланова, Нариман Хауменов ІІ турға өтті. Ал  «Мың бала» байқауында 5-6 сынып оқушылары арасында Идалия Насырова ІІ турға өткендігін айта кетуге болады. Жалпы мектеп оқушылары «Тұлпар», «Тарих ата»,  «Айналайын», «Пони-әлемді ашады», «Аль-Фараби» сынды олимпиадаларға, «В гостях у Пифагора», «Пони», «Асылтас», «Малахит» және тағы басқа байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Әйгілі ғұлама Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,- дейді.  Біліммен қатар тәрбиеге баулу қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жерге, қоршаған ортаға, өз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үйретуі керек. Бұл ретте Башкөл орта мектебінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған жоспарға сәйкес іс-шаралар ұйымдастырылуда.  Еліміздің болашағы — жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында барлық сыныптарда тәрбие сағаттары өткізіледі.

Шәкірттердің бос уақытын тиімді де пайдалы өткізуге  шақыру, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу идеясымен технология пәнінің  мұғалімі Сұлтан Бектин «Шебер қолдар» үйірмесін ұйымдастырды. Ел мәуелсіздігінің мерейтойына  орай «Ұлы даланың жеті қыры»  атты қолөнер бұйымдары мен суреттерден өте ауқымды және тамаша көрмелер ұйымдастырылды. Оқушылар өз қолдарымен әр түрлі бұйымдар жасап, әдемі суреттер салды.

«Қайырымдылық марафоны» аясында «Патриот» балалар ұйымының мүшелігіндегі  мектеп оқушылары әрдайым қарт адамдарға көмек көрсетеді. Олар қар күреп, отындарын тасып,  қайырымдылық акцияларына қатысып, белсенділік танытты.

«Жас Ұлан» ұйымы оқушылардың мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысуына ұйытқы болуда.

Білім ошағында «Патриот» күрес үйірмесі жұмыс атқарады. Жаттықтырушы — Дәулет Токаманов. ШҚО жасөспірімдері арасында еркін күрестен Ұлан ауданында өткен жарыста Башкөл орта мектебінің оқушылары Рамис Ахметжанов екінші орын алса, Ильяс Хамитов үшінші орынға ие болды.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Тақырыпқа орай барлық сыныптарда тәрбие сағаттары өткізіліп, кітапханада әдемі киіз үй ішінде ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған ұлттық тағамдармен библиодастархан, кітап көрмесі сынды шаралар қолға алынды.  Ұлттық киім киіп, оқушылар мен ұстаздар белсенділік танытты. Көп балалы аналарға, ардагер ұстаздарға, ата анасының қамқорынсыз қалған балаларға және басқа да ауылдастарға «Наурыз кәде» таратылды

«Қайырымды істер» марафоны аясында аналарды ардақтау идеясымен қолға алынған шарада ауылдың ең үлкен ақ жаулықты әжелері  мен апаларына  ақ орамал сыйға тартылды. Бесқарағай аудандық «Башкуль» татар-этномәдени орталығы және мектеп әкімшілігі, ауылдың мәдени ұйымдастырушысы игілікті іске демеушлік етті.

Білім ошағының жетістікке жетуі – тікелей басшылыққа байланысты екендігін ескерсек, 2019 жылдан бері Башкөл орта мектебінің  директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан білікті маман,  елінің патриоты  Руслан Насыровтың үлесі зор екендігі даусыз.

“Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз” – деген екен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев. Ең алдымен өз кәсібіне, өз пәніне деген зор сүйіспеншілікпен жұмыс істеп, оқушы бойындағы білімге, пәнге деген алғашқы құштарлығын оятатын ұлағатты ұстаздар еңбегіне табыс тілейміз.

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай