БӨДЕНЕДЕ АУЫЛДЫҚ КЛУБ АШЫЛДЫ 

Бөдене ауылында 70 орындық заманауи үлгідегі ауылдық клуб ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаев, ауыл ақсақалдары мен ауыл жастары қатысты.

-Ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту — негізгі басымдықтардың бірі. Соның айқын көрінісі бүгінгі күні ел игілігіне пайдалануға беріліп отырған әлеуметтік нысандар. Қарт Ертістің сол  жақ жағалауындағы Бөдене ауылында халықтың  көптен бері қозғап жүрген мәселесінің бірі ауылдық клуб болатын. Бүгін міне ауылдық клуб ашылып, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлауда. Жалпы 2023 жылда ауданымыздың 7 елді-мекендерінде осындай мәдениет ошақтары ашылып, ауыл тұрғындарының рухани дамуына үлес қосуда»,- деді өз әлеуметтік парақшасында аудан әкімі Талғат Мұратов.

Айта кетсек, Бөдене ауылы Бесқарағай ауданының сол жақ бөлігінде орналасқан. 388 тұрғыны бар бұл ауылда жас ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында жұмыс істеп тұрған білім ошағында 72 шәкірт тәрбиеленуде. 2022 жылы басталған су құбыры желісін тарту жұмыстары былтыр аяқталып, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылған болатын.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай